Францияда ірі орман өрті қайта тұтанды

Бүгін, 12:40 / Алуа Арман
Фото: Anadolu

Францияның оңтүстік-шығысындағы Вар департаментінде ірі орман өрті қайта тұтанып, шамамен 1,8 мың гектар аумақты шарпыды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, өртті сөндіруге 150-ден астам өрт сөндіруші мен ондаған арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр.

Бұл өңірде болып отырған алғашқы ірі өрт емес. Шілде айында Вар департаментінде шыққан өрт 6 мың гектарға жуық орман мен басқа да табиғи аумақтарды жойған болатын.

Жиронда және Од департаменттеріндегі өрт ошақтары оқшауланғанымен, Францияның 36 департаментінде жаңа өрттердің шығу қаупіне байланысты әлі де «жоғары» қауіп деңгейі сақталып отыр.

Биылғы жыл Франция үшін орман өрттерінің ауқымы жағынан бақылау жүргізіле бастағалы бергі ең ауыр жыл болды. Жыл басынан бері өрт 117 мың гектар аумақты күлге айналдырды. Қызметтік міндетін атқару кезінде төрт өрт сөндіруші қаза тапты. Сонымен қатар өрттердің шығуына байланысты қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен құқық қорғау органдары 375 адамды ұстады.

Тэгтер:

Франция өрт Орман