Ақмола облысында күнбағыспен суретке түскен 25 жүргізушіге айыппұл салынды

3 тамыз, 2026 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Патрульдік полиция Ақмола облысындағы «Астана – Щучинск» автожолында күнбағыс алқабының маңында тоқтап, суретке түскен жүргізушілерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомствоның мәліметінше, гүлдеп тұрған күнбағыс алқаптары көптеген жүргізушінің қызығушылығын тудырып, олар әсерлі кадр түсіру үшін жол қозғалысы ережелерін бұзуда.

Алайда аталған учаске – жоғары жылдамдыққа арналған автобан болғандықтан, мұнда көлікті тоқтатуға қатаң тыйым салынған.

Патрульдік полиция батальоны 2-взвод командирінің міндетін атқарушы, полиция капитаны Ербол Дүйсетайдың айтуынша, жол бойында «Тоқтауға тыйым салынады» белгісі мен тиісті жол таңбалары орнатылған. Соған қарамастан, күнбағыс гүлдей бастаған уақыттан бері жол белгілерінің талабын елемеген 25-ке жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полиция өкілдері автобанда негізсіз тоқтау өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіретінін еске салып, азаматтарды әсерлі сурет үшін қауіпке бармауға шақырды.