Бұл шешім АҚШ президентінің Батыс Сахара мәселесіне қатысты ұстанымына ризашылық белгісі ретінде қабылданды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Марокко билігі елдегі ең ірі автожолдардың біріне АҚШ президенті Дональд Трамптың есімін беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Asharq Al-Awsat басылымы Марокконың MAP ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Тизнит пен Дахла қалаларын жалғайтын автомагистраль енді Donald J. Trump Highway деп аталады. Бұл шешімді Марокко королі Мұхаммед VI жариялап, оның 2020 жылы АҚШ-тың Марокконың Батыс Сахарадағы егемендігін мойындауына көрсетілген ризашылықтың белгісі екенін айтты.
Дональд Трампқа жолдаған хатында Марокко королі бұл шешім «жеке алғыстың белгісі» екенін және екі ел арасындағы достық пен бейбітшілік құндылықтарын айқындайтынын атап өтті.
«2020 жылы Марокконың Сахарадағы егемендігін тарихи тұрғыдан мойындағаныңыз марокколықтардың жадында мәңгі сақталады», – делінген корольдің хатында.
MAP агенттігінің мәліметінше, автомагистральдің ұзындығы 1 055 шақырымды құрайды. Бұл оны Африкадағы ең ірі жол инфрақұрылымы жобасына айналдырады. Жоба Марокконың оңтүстігін Әл-Аюн арқылы Дахламен байланыстырады және Рабаттың оңтүстік өңірлер мен Батыс Африка елдері арасындағы көлік байланысын дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық бағдарламасының бір бөлігі болып саналады. Жобаның құны шамамен 850 миллион еуроға бағаланған.
2020 жылдың желтоқсанында Дональд Трамп әкімшілігі Марокконың Батыс Сахарадағы егемендігін мойындады. Сол кезеңде Рабат АҚШ-тың арағайындығымен қол жеткізілген келісімдер аясында Израильмен қарым-қатынасын қалыпқа келтірген болатын.
Кейінірек Дональд Трамп Батыс Сахараға автономия беру жөніндегі Марокко жоспарын қолдайтынын тағы да мәлімдеп, өз есімімен автомагистраль атағаны үшін Марокко короліне алғыс айтты.