Жетісу облысында ер адам бір айда дүкеннен 600-ден астам шоколад ұрлаған

Бүгін, 16:00 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Жаркентте полицияға сауда орталықтарының бірінің өкілі жүгініп, дүкеннен шоколадтардың жүйелі түрде жоғалып жатқанын хабарлаған. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында қауіпсіздік қызметі бір ер адамның бірнеше апта бойы дүкенге тұрақты келіп, шоколадтарды сөмкесі мен қалталарына жасырып, төлем жасамай шығып кететінін анықтаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру барысында күдіктінің бірдей тәсілмен әрекет еткені белгілі болды. Ол дүкенге кіріп, айналасындағылардың назарын бақылай отырып, шоколадтарды жеке заттарына салып, кассадан төлем жасамай шығып кеткен. Арада бірнеше минут өткен соң қайта оралып, осы әрекетін қайталаған. Кей күндері осындай “рейдті” 5-6 рет жасаған.

Бір ай ішінде сауда орталығынан барлығы 625 дана шоколад ұрланған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 530 мың теңгеден асты.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Панфилов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жаркент қаласының 41 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сондай-ақ күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.