Мысырдың Астрономия және геофизика жөніндегі ұлттық зерттеу институтының мәліметінше, дүйсенбі күні жергілікті уақытпен шамамен сағат 03:00-де Суэц қаласынан солтүстікке қарай 38 шақырым жерде магнитудасы 5,6 болатын жер сілкінісі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Институттың хабарлауынша, қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе мүліктің бүлінуі туралы мәлімет тіркелмеген.
Жер асты дүмпулері елдің көптеген өңірінде, оның ішінде Каир қаласында және Газа секторымен шекаралас Әл-Ариш қаласында сезілген.
Мысырдың денсаулық сақтау министрі Халед Абдель-Ғаффар ел бойынша төтенше жағдайларға ден қою жоспарларын іске қосуды және жедел жәрдем қызметтерін жоғары дайындық режиміне көшіруді тапсырды. Сонымен қатар ол жаңа әкімшілік астанадағы дағдарыстық және төтенше жағдайлар жөніндегі орталық жедел штабтың отырысын шақырды.
Мысырдың Қызыл Жарты Ай қоғамы да жер сілкінісі сезілген провинцияларда әрекет ету жоспарын іске қосты. Тұрғындарға ескі әрі зақымдану белгілері бар ғимараттарға жақындамау және биліктің ресми хабарламаларын мұқият қадағалау ұсынылды.
Жер сілкінісінің магнитудасына қатысты бағалар әртүрлі. Германияның Геоғылымдар зерттеу орталығы оның магнитудасын 5,4 деп бағалап, жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқанын хабарлады. Ал АҚШ Геологиялық қызметі магнитудасын 5,0 деп көрсетті.
Мысырда күшті жер сілкіністері салыстырмалы түрде сирек болады. 1992 жылдың қазан айында Каир маңында магнитудасы 5,8 болған жер сілкінісі салдарынан 500-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын баспанасыз қалған еді.
Бұған дейін Жаңа Зеландия жағалауында магнитудасы 5,6 болатын жер сілкінісі тіркелсе, Әзербайжанда магнитудасы 3,6 болатын тағы бір жер сілкінісі болды.
Сондай-ақ Италияның оңтүстігінде магнитудасы 4,7 болған жер сілкінісінен 26 адам зардап шекті. Ал 1 тамыз күні Канаданың Ванкувер аралы жағалауында магнитудасы 5,5 болатын жер сілкінісі тіркелді.