Алматы облысында екі аптаға жуық уақыт бұрын үйінен шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған 17 жастағы Ясмина Шертаеваны іздеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Ясмина Шертаева 21 шілде күні сағат 23:30 шамасында Қарасай ауданындағы үйінен шығып кеткен. Содан бері оның қайда екені белгісіз.
Еріктілердің хабарлауынша, қыздың соңғы рет жүрген жері бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жазбалардан Ясминаның Қарасай ауданындағы «Бамбарбия Кергуду» ресто-барының жанында орналасқан «Долан» автобус аялдамасында болғаны көрінеді. Одан кейін не болғаны әзірге белгісіз. Қыздың аялдамадан қандай көлікпен кеткені және қай бағытқа бет алғаны әзірге анықталған жоқ.
Белгілі болғандай, Ясмина үйден орамалсыз (басын жаппаған күйде) шыққан. Сондай-ақ бейнебақылау камераларындағы жазбалардан оның қолында ұялы телефон болғаны байқалады. Алайда әзірге телефон нөмірі мен IMEI коды анықталмаған.
«Барлық жүргізушілерге үндеу жасаймыз! Егер сіздер 23:30–00:00 аралығында Алматы – Бішкек тас жолымен, «Бамбарбия Кергуду» ресто-бары мен «Долан» аялдамасының маңынан (қала бағытына қарай) өткен болсаңыздар, көліктеріңіздегі бейнетіркегіш жазбаларын қарап шығуларыңызды сұраймыз. Егер қолдарыңызда бейнежазба болса, жоғалған қызды көрген болсаңыздар немесе оны көлігіңізге мінгізіп жеткізген болсаңыздар, төмендегі телефон нөмірлері немесе WhatsApp арқылы бізбен хабарласуыңызды өтінеміз: +7-705-105-3131, +7-701-375-9291», – деп жазды еріктілер.