«Екі баланың әкесі»: Жамбыл облысында 25 жастағы жігітті атып кетті

Бүгін, 14:04 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының Луговое ауылында 1 тамызға қараған түні қанды қылмыс болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға түнгі сағат үш шамасында болған. Марқұмның отбасы бұл қылмысқа аудандағы қылмыстық топпен байланысы бар жастардың қатысы болуы мүмкін деп санайды. Қаза болған азаматтың әпкесінің айтуынша, күдікті болуы мүмкін адамның жасы – 22-де. Туыстарының сөзінше, қайғылы оқиғаға дейін ер адамға бірнеше рет қорқыту сипатындағы ескертулер жасалған. Оқиғадан кейін отбасы Қазақстан Республикасының Президентіне жүгініп, істің мән-жайын жан-жақты әрі әділ анықтау үшін тергеуді жеке бақылауына алуды сұрады.

Марқұмның артында жары, бір ұлы мен қыздары қалды. Сондай-ақ қарт ата-анасы жалғыз ұлынан айырылды.

Жамбыл облысы Полиция департаменті адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

«Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта қылмыстық істі жан-жақты, толық әрі объективті тергеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп мәлімдеді ведомство.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Тэгтер:

Жамбыл облысы ату