Қытайдағы Чунцин педагогикалық университетінің ғалымдары ауызды қуыратын ащы тағам қатты физикалық ауырсынуды бәсеңдетуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Physiology & Behavior ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мұндай әсерге бұрыштың ащылығын беретін капсаицин заты себеп болады. Ол жоғары температураны сезетін TRPV1 рецепторларымен байланысып, миға күйіп жатқандай белгі жібереді. Алайда бұл кезде тіндерге нақты зақым келмейді.
Дәл осы қағида созылмалы ауырсынуды емдеуге арналған капсаицин қосылған кремдердің негізіне алынған. Әлсіз күйдіру сезімі ауырсыну рецепторларын уақытша «шаршатып», олардың нақты ауырсыну сигналдарын беру қабілетін төмендетеді.
Ғалымдар ащы тағамның әсерін тексеру үшін тәжірибеге 48 дені сау жас еріктіні қатыстырды. Олар зертханаға бір апта аралықпен екі рет келген. Бірінші жолы қатысушылар бес минут бойы құрамында ащы бұрыш ұнтағы бар желе текшесін ауыздарында ұстаса, екінші жолы ешқандай дәмдеуіш қосылмаған қарапайым желе пайдаланған.
Одан кейін қатысушылардың сол қолының сыртына әртүрлі қарқындылықтағы лазер сәулесімен 40 рет әсер етілді. Оның бір бөлігі әлсіз, екіншісі күшті ауырсыну тудыратындай деңгейде болды.
Нәтижесінде әлсіз ауырсынуды қабылдауда айтарлықтай айырмашылық байқалмаған. Ал ащы желеден кейін күшті ауырсыну қатысушыларға едәуір әлсіз әрі жағымсыздығы аз болып сезілген.
Зерттеу соңында еріктілердің тамақтану әдеттері де бағаланды. Ащы тағамды жиі тұтынатын адамдардың ауырсынуға сезімталдығы төменірек болып, ауырсынумен байланысты жағдайлардан азырақ қорқатыны анықталған.
Ғалымдардың пікірінше, ауыздағы күйдіру сезімі мидағы ауырсынуды тежейтін табиғи механизмдерді іске қосуы мүмкін. Сонымен қатар капсаицин ағзада табиғи ауырсынуды басатын эндорфиндердің бөлінуін ынталандыруы ықтимал. Бұған қоса, ащы дәмнің әсерінен адамның назары басқа жаққа ауып, ауырсыну әлсіздеу сезілуі де мүмкін.
Дегенмен зерттеу шағын топта жүргізілгенін ескерген жөн. Оған тек Қытайдағы жас студенттер қатысқандықтан, бұл нәтижелерді барлық жас топтарына немесе басқа елдердің тұрғындарына бірдей қолдануға болмайды.