Аустриядағы Вена университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу солақай студенттердің оңқай құрдастарына қарағанда невротизм деңгейі жоғары болатынын көрсетті. Зерттеу нәтижелері Brain and Cognition ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдардың айтуынша, адамның миы оң және сол жарты шардан тұрады. Екі жарты шар бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істегенімен, олардың әрқайсысы белгілі бір қызметтерге көбірек маманданған. Мысалы, тілге қатысты қызметтер көбіне сол жақ жарты шармен байланысты болса, кеңістікті қабылдау, бет-әлпетті тану және эмоцияларды өңдеу оң жақ жарты шарда белсендірек жүреді.
Зерттеу авторларының бірі Соня Кудерердің айтуынша, адамның оңқай немесе солақай болуы ми қызметінің ұйымдасу ерекшеліктерімен байланысты. Бұған дейінгі зерттеулер солақай адамдарда ми жарты шарлары арасындағы өзара байланыс белсендірек болатынын көрсеткен.
Зерттеуге Вена университетінің 198 студенті қатысты. Олардың орташа жасы – 24 жас. Қатысушылардың басым бөлігі Аустрия мен Германия азаматтары болған. Зерттеу барысында олардың тұлғалық ерекшеліктері, депрессия белгілері және қай қолды басым қолданатыны арнайы психологиялық сауалнамалар арқылы бағаланды.
Нәтижесінде оңқай студенттердің жауапкершілік деңгейі мен көпшілдігі жоғарырақ екені анықталды. Сондай-ақ олар эмоциялық тұрғыдан тұрақтырақ болып шыққан. Ал солақай студенттерде невротизм көрсеткіші жоғары болған. Бұл олардың мазасыздыққа, күйзеліске және эмоциялық тұрақсыздыққа көбірек бейім болуы мүмкін екенін білдіреді.
Зерттеу әйел студенттердің депрессия көрсеткіші ерлерге қарағанда жоғары болғанын да көрсетті. Сонымен қатар үнемі сол қолын қолданатын ер адамдар мен үнемі оң қолын қолданатын әйелдерде депрессия белгілері жиірек байқалған. Ал оңқай ерлер мен кей жағдайда сол қолын да қолданатын оңқай әйелдерде бұл көрсеткіш ең төмен болған.
Зерттеу авторларының пікірінше, адамның қай қолды басым қолданатыны мен жынысы тұлғалық ерекшеліктерге және депрессия белгілерінің байқалуына бірге әсер етуі мүмкін. Бұл мидың екі жарты шарының қызмет ерекшеліктері мен жынысқа тән биологиялық айырмашылықтардың эмоциялық күйге ықпал ететінін көрсетеді.
Сонымен қатар ғалымдар зерттеудің белгілі бір шектеулері бар екенін атап өтті. Себебі зерттеу тек неміс тілінде сөйлейтін университет студенттері арасында жүргізілген. Сондықтан оның нәтижелері басқа жас топтары немесе өзге мәдени ортадағы адамдар үшін өзгеше болуы мүмкін.