Қартаю – табиғи құбылыс. Алайда оның қаншалықты жылдам жүретіні көбіне өмір салты мен тамақтану тәртібіне байланысты. Кейбір тағамдар ағзаны қорғап, жастықты ұзақ сақтауға көмектессе, енді бірі қартаюды жеделдетіп, созылмалы аурулардың даму қаупін арттыруы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz health.mail.ru-ға сілтеме жасап.
1. Ақ нан мен кәдімгі макарон өнімдері
Ақ ұннан дайындалған нан, спагетти және макаронның құрамында қарапайым көмірсулар көп болады. Олар қандағы қант деңгейінің күрт көтерілуіне ықпал етіп, ағзадағы қабыну үдерістерін күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар мұндай өнімдерде жасұнық (клетчатка) аз болғандықтан, адам тез қайта ашығады.
Немен алмастырған дұрыс?
тұтас дәннен жасалған макарон мен нан; цукиниден дайындалған көкөніс «спагеттиі»; жасұныққа бай өнімдер.
2. Өңделген ет өнімдері
Шұжық, сосиска, ветчина, ысталған ет және түрлі ет деликатестері тұзға, қаныққан майларға және денсаулыққа зиянды қоспаларға бай. 2024 жылы жеті елде жүргізілген зерттеу өңделген ет өнімдерін азайтып, тұтас дәнді тағамдарды көбейту өмір сүру ұзақтығын арттыруға ықпал ететінін көрсетті.
Немен алмастырған дұрыс?
албырт, скумбрия, сардина сияқты майлы балықтар; терісі алынған тауық немесе күркетауық еті.
3. Қуырылған тағамдар
Қуырылған тағамдар жоғары температурада дайындалатындықтан, ағза жасушаларын зақымдайтын бос радикалдардың түзілуіне себеп болуы мүмкін. Мұндай тағамдардың калориясы жоғары, ал оларды жиі тұтыну артық салмаққа, қант диабетіне, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық ауруларға шалдығу қаупін арттырады.
Немен алмастырған дұрыс?
Қуырылған картоптың орнына аэрогрильде дайындалған батат немесе пастернак таңдауға болады. Олар қытырлақ әрі дәмді болғанымен, құрамында зиянды қосылыстар әлдеқайда аз болады.
4. Алкоголь
Алкогольді ішімдіктерді тұрақты тұтыну қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары, бауыр аурулары және есте сақтау қабілетінің бұзылу қаупін арттырады. Зерттеулер алкогольді аз мөлшерде ішудің өзі қатерлі ісіктің бірнеше түрінің даму қаупін жоғарылататынын көрсеткен.
Немен алмастырған дұрыс?
кешке – түймедақ, жалбыз немесе мелисса қосылған шөп шайы; күндіз – қантсыз шай немесе басқа сергітетін табиғи сусындар.
5. Тәтті газдалған сусындар
Газдалған тәтті сусындардың құрамында қант өте көп болады. Бұл қандағы қант деңгейінің жоғарылауына, семіздік пен қант диабетінің дамуына ықпал етуі мүмкін. Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, мұндай сусындарды жиі ішу қартаю үдерісін жеделдетіп, деменцияның даму қаупін де арттырады. 0,33 литрлік бір банка газдалған сусынның өзінде шамамен 40 грамм қант болады. Бұл ер адамдарға ұсынылатын тәуліктік мөлшерден де көп, ал әйелдер үшін одан едәуір жоғары.
Немен алмастырған дұрыс?
таза су; қантсыз шай; қантсыз кофе; жаңа піскен жидектер.
6. Энергетикалық сусындар
Энергетикалық сусындардың көпшілігінде қант пен кофеин мөлшері жоғары болады. Кофеинді шамадан тыс тұтыну ұйқының бұзылуына, жүйке жүйесіне артық жүктеме түсуіне және жүрекке салмақтың артуына әкелуі мүмкін.
Немен алмастырған дұрыс?
Егер энергия жетіспесе, алдымен оның себебін анықтаған жөн. Көп жағдайда дұрыс ұйқы, жеткілікті қозғалыс, теңгерімді тамақтану және ағзаның сусыздануына жол бермеу көмектеседі. Сергітетін сусын қажет болса, қантсыз кофе немесе көк шай әлдеқайда пайдалы таңдау саналады.
7. Тұзы көп тағамдар
Тұзды шамадан тыс тұтыну қан қысымын көтеріп, ұзақ мерзімде инсульт пен жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге тәулігіне 5 грамнан, ал балаларға 2 грамнан артық тұз тұтынбауға кеңес береді. Тұздың көп мөлшері әсіресе фастфудта, консервілерде, жартылай дайын өнімдерде және дайын тағамдарда кездеседі.
Тұзды қалай азайтуға болады?
фастфуд пен дайын өнімдерді сирек тұтыну; консервілердің сұйықтығын төгіп, бұршақ тұқымдастарды сумен шаю; дайын тағамдардың орнына мұздатылған көкөністерді пайдалану;
өнімнің қаптамасындағы натрий мөлшеріне назар аудару.