Жаңаарқада көпқабатты үй өртеніп, үш адам эвакуацияланды

Бүгін, 06:22 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ortcom.kz

Ұлытау облысының Жаңаарқа кентінде көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт кезінде құтқарушылар үш тұрғынды эвакуациялап, жарылыс қаупінің алдын алды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт Ералиев көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерде болған. Жалын шамамен 20 шаршы метр аумақты шарпыған.

Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, өрт ошағынан газ баллонын алып шыққан. Бұл жалынның одан әрі таралуы мен ықтимал жарылыстың алдын алуға мүмкіндік берген.

Құтқарушылар өртті қысқа уақыт ішінде оқшаулап, толықтай сөндірді. Зардап шеккендер тіркелген жоқ.

ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 қызметіне дереу хабарласуға шақырды.