Көкшетау және Бөлектау таулары келушілер үшін жабылды

Бүгін, 13:54 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Көкшетау және Бөлектау тауларына апаратын туристік бағыттар келушілер үшін уақытша жабылды. Бұл туралы "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шектеу өрт қаупінің жоғары класының жариялануына байланысты кеше сағат 07:00-ден бастап енгізілді.

"Шектеу шаралары келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауа райының ыстық әрі құрғақ болуына байланысты орман өрттерінің туындауы мен таралуының алдын алу мақсатында енгізілді", - деп жазылған хабарламада.

"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі әкімшілігі тұрғындар мен парк қонақтарынан енгізілген уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауды сұрайды. Бұл шешім ең алдымен адамдардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ ұлттық парктің бірегей табиғи байлығын қорғауға бағытталған.

Туристік бағыттардың қайта ашылғаны туралы қосымша хабарланады.