«Ауыл» партиясы Ақмола облысында ауыл тұрғындарымен сайлауалды кездесу өткізді

Бүгін, 22:05 / Дана Ізтілеуова

«Ауыл» партиясының төрағасы Қ.Қ.Айтуғанов ҚР Құрылтайының депутаттығына кандидаттар Ә.Е. Қажібекова, А.А. Разинков, С.Р. Абдуразақова, А.Н. Қуатбай және А.А.Үстеміровамен бірге Ақмола облысы Біржан сал ауданы Үлгі ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Егіншілік пен мал шаруашылығы басты күнкөріс көзі саналатын ауылдағы ашық диалог барысында партия төрағасы Қ.Қ.Айтуғанов «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Онда ауылдық аумақтар мен агроөнеркәсіпті дамыту, фермерлерді қолдау және заманауи технологиялар мен жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау бастамалары болды. Сонымен қатар, ол жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, отбасылардың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған «Ауладан – дастарқанға» жобасының табысты нәтижелеріне тоқталды.

Депутаттыққа кандидаттар да өз бастамаларын ұсынып, тұрғындар тарапынан қойылған мемлекеттік қолдау, әлеуметтік инфрақұрылым, жолдардың сапасы мен жастарды жұмыспен қамту сияқты өзекті сұрақтарға жауап берді. Жиын соңында «Ауыл» партиясының өкілдері халықпен мұндай тұрақты әрі ашық диалог жүргізу қазақстандық ауылдарды орнықты дамытуға бағытталған тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.