Жалғыз сиырын сатқан жігіт қазақ кілемін брендке айналдырғысы келеді
Жалғыз сиырын сатқан жігіт қазақ кілемін брендке айналдырғысы келеді
Қазақта «таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген аталы сөз бар. Бүгінде нәсібін кәсібі арқылы тауып жүрген азамат Талғат Ысқақовтың табысқа жету жолының өзі – терең тариx. Қазіргі таңда аты елімізге ғана емес, алыс-жақын мемлекеттерге мәшһүр кәсіпкер әу баста істі неден бастады? Қандай тәуекелге бел буды? Мұны кейіпкеріміздің өзінен сұрап көрдік.
«Тәуелсіздік алған жылдары елімізде жағдай қиын болды. Күн көрудің өзі мұңға айналды. М.Әуезов атындағы педагогикалық институтта сырттай оқып жүріп, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім болып жұмыс істедім. 1994 жылдары мектепте жалақы 6-7 айлап берілмейтін. 26 жастағы жас маманмын. Содан диплом алудың қамымен бір ай Шымкентке кеттім. Үйге келсем, дастарқанда қара нан мен қара шәйдан басқа түк жоқ. «Кішкентай екі қызымның алдындағы әкелік парызым қайда? Бала-шағамды дұрыс тамақтандырып, дұрыс тәрбие бермесем не бітіріп жүрмін?» деген сұрақ маза бермеді. Сол жылы қорадағы жалғыз сиыр да қысыр қалған еді. Не де болса, соны сатып, бір тірлік істеу керек деп шештім. Шымкенттің мал базарына әкеп, сұраушыларға 5 мың теңгеден түспеймін өзімше. Әйтеуір базар жабылар уақытта бір өзбек қариясы келіп, «2 мың теңгеге берсең бер, алып кетейін» деп тұрып алды. Амал жоқ, оның 500 теңгесін әкелген жүк көлігіне бердім де, қалған 1,5 мың теңгеге үйге азық-түлік алдым. Сөйттім де, тәуекелге бел буып, Алматыға тартып тұрдым. Бастапқыда Кентау қаласында өндірілетін су қайнататын құрылғы, тағы сол сияқты майда-шүйде зат сатып, уақыт өте келе алыпсатарлықты үйрендім. Бірде нағашым – Қайратты кезіктіріп қалдым. Ол көрген жерден «Базарда кілем сатушы боласың ба?» деп қолқа салды. «Барахолкада», «Көк базарда» кілем сатып жүріп, кілемді қайдан және қалай әкелу жолын біле бастадым. Көп ұзамай 1995 жылы, яғни бір жылдың ішінде Алла нәсіп етіп, Алматыдан үй сатып алып, отбасымды көшіріп алдым», – дейді өткенге көз жүгірткен Талғат Жүнісбекұлы.
Аз уақыттың ішінде аяғынан тік тұрған азамат алдына басқа мақсат қоя бастайды. Елімізде кілем өндірісін қолға алып, қазақ кілемін брендке айналдыру тетігін қарастырған Талғат Ысқақов Шымкентте «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ашылғанын естіп, туған жерге ат басын бұрады.
«Бізде кілемді өндіруге қажетті дүниенің бәрі бар емес пе?! Неге өзімізде шығармаймыз? Отандық өнім өндіру идеясы 2002 жылдан бері миымнан шықпай қойды. «Іздегенге сұраған» демекші, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ашылып, мемлекет тарапынан тоқыма, текстиль кластерін дамытуға көңіл бөліне бастаған шақта жер алып, «Бал-текстиль» ЖШС құрдық. Әрине, мұндай істі жалғыз бастау мүмкін емес. Бәсекелестікке қабілетті болу керек. Кілем өндірісінде 30 жылға жуық тәжірибесі бар ағайынды төрт түрік азаматының «КARTAL-сarpets» фабрикасымен серіктес ретінде келісімшарт жасап, 2013 жылдың қазан айында алғашқы өнім шығардық. Бүгінде кілем фабрикасы жылына 2,3 млн шаршы метр кілем өндіреді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде 400-ден астам сауда нүктелері жұмыс істейді», – дейді Талғат мырза.
Әу баста жалғыз сиырын сатып, сауданың қым-қуыт тірлігіне еріксіз араласып кеткен кейіпкеріміздің бірде жолы болды, бірде тауы шағылды. Алайда сауданың заңдылығы сондай, ә дегеннен-ақ ешкім табыс кілтін таба алмайды. Бұл жолда жүз сүрініп, жүз тұрасың. Ал біз кейіпкерімізден «Кәсіпкерлікті тез арада игеріп кету үшін адамға алдымен не керек?» деп сұрағанымызда: «Ең бірінші – адалдықты ту етемін. Саудада ерекше адалдық болу керек. Өз ісіңе жауапкершілікпен қарасаң, жұрттың да саған деген сенімі артады. Демек, адамға бірінші қаражат керек, қаражат болмаса сенім керек, ал сенімге ие болса, қаражаттың да қажеті жоқ», – деп жауап берді.
Бүгінде кілемнің бетіне ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді салып, безендіретін мамандар аз. Осы тұрғыда «Бал-Текстиль» ЖШС өз қаржысына жастарды Түркияға оқытуға жіберіп және дизайнер мамандығы бойынша түркиялық мамандарды шақырып, тегін дәріс өткізеді. Ал шығынның бәрі фабриканың мойнында. «Оқу бір бөлек, тәжірибеден өту бір бөлек, кәсіпті игеру бөлек мәселе ғой. Кілем фабрикасындағы жұмысшыларымыздың дені – жастар. Олардың жұмыстың ауырлығына шағымданғанын әзірге көргенім жоқ. «Жас келсе, іске» демекші, жас буын жаңа технологияларды жылдам игеріп қана қоймай, кейде жұмысты жетілдіру бойынша тың ой білдіріп жатады. Облыс көлеміндегі жастар орталықтарына арнайы ашық есік күндерін өткізіп тұрамыз», – дейді.
«Мақтанышпен айтатын бір нәрсе, 2014 жылы өңірге арнайы іссапармен келген Елбасы Н.Назарбаев бізге де бас сұғып, қазақы ою-өрнекті көріп, балалық шағын еске алды. «Анам осындай сырмақ, тұскиіз тоқып, текеметті түрлі оюлармен безендіретін еді. Көз алдыма тура сол ою-өрнектер келіп тұр. Қазақтың ұмытылып бара жатқан өрнектерін қайта жандандырыпсыңдар» деп өз бағасын берді. Елбасының біздің фабрикаға келгені үлкен стимул берді, кәдімгідей жарнама болды. Іле-шала швециялық «IKEA» компаниясымен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасадық. Қазір өндірісте жеті заманауи тоқыма қондырғысы бар. Фабрика белгиялық Van De Wiele, Германияның M-Tec, Түркияның Gurelmak, Тайвандык Emery маркалы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сапасы еуропалық стандартқа сәйкес кілем өнімдері Turan, Алатау, Барс, Отырар, Алаш, Antiq, Аntiq Imperial, Vision сияқты BCF, Heat Set және Frize кілем өнімдерімен қоса Silk, Kashan атауларымен жібек кілемдер де шығаруда», – дейді.
«Бал-текстиль» ЖШС өз өнімдерін Ресейге, Германияға, Ұлыбританияға, одан бөлек Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжанға да экспорттап үлгерген. Отандық өнімнің бағасы импорттық кілемге қарағанда арзан әрі сапалы. Тұтынушы тарапынан беріліп жатқан баға да оң. «Бал-текстиль» өнімдері 2014 жылы республикалық «Алтын сапа» байқауында үздіктердің қатарынан көрінсе, 2016 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен Халықаралық BID сапа конкурсында «GOLD» номинациясымен марапатталды. Ал 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша үздік салық төлеуші номинациясын жеңіп алды.
«Біз өзімізді ғана ойлап қоймай, әлеуметтік сала бойынша да біраз шаруа атқардық. Туған жерім Бәйдібек ауданы, Жүзімдік ауылында спорт кешенін салып, жергілікті тұрғындарға тарту жасадық. Ал өзім 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік жауапкершілік аясындағы «үздік кәсіпкер» номинациясының иегері атандым», – дейді кәсіпкер.
Осылайша, «Бал-Текстиль» кілем тоқыма фабрикасы Қазақстанның нарығын толық қамти алатындығына сенімді. Жоба толықтай іске асырылғанда 700 жұмыс орны ашылады. Өндірілген өнімнің 60 пайызын ішкі, 40 пайызын сыртқы нарыққа шығару жоспарлануда. Бастапқыда салынған инвестиция көлемі 1,7 млрд теңге. Қазіргі таңда фабрикада 240 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Жылына 5 млн шаршы метр кілем тоқып, 4 мың тонна полипропиленді кілем түгі жібін өндіруге мүмкіндігі бар фабрика өткен жылы 3 млн шаршы метр кілем шығарды.
Кілем фабрикасы бюджетке де қомақты қаржы құюда. Мәселен, 2013 жылы – 26 959 702 теңге, 2014 жылы – 212 602 480, 2015 жылы – 214 412 982, ал 2016 жылы – 346 747 515 теңге салық төлеген.
Елімізде екі-ақ кілем фабрикасы бар. Оның екеуі де Оңтүстік еркін экономикалық аймағында жұмыс істеп тұр. Нарықта бәсекелестік әрдайым бар. Халықтың сұранысы да, өнімге деген талабы да жоғары. Шет мемлекеттен келетін тауарлардың орнын бүгінде отандық өнімдер алмастыруда. Ал «Бал-Текстильдің» болашақта 5 млн шаршы метрге дейін кілем шығаруға мүмкіндігі бар. Бүгінде бұл компанияның үздік деп таныған өндірістерін 179 мемлекет мойындап, құрметін білдіріп отырған жайы бар.
Өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту жөнінде берілген Елбасы тапсырмасына сәйкес, шағын кәсіпті дамыту бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, қаржы-несиелік қолдау саясатын жетілдіру ісі қолға алынып отыр. Бұл ретте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев: «Біз өңірлік бағдарламалар кестесін түзіп, жүйелі жұмысты бастап жібердік. Алдағы уақытта оңтүстікте кəсіпкерлікті қолдаудың барлық тетігі іске қосылады. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылдың қорытындысымен жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 173 мың 770-ке жетіп отыр. Бұл республика бойынша үлестің 14,6 пайызына жетіп, облыстар арасында бірінші орынды иеленді. Өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына үлесін қосып келетін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бір жыл ішінде 37 232 кәсіп иесіне несиелік қолдау көрсеткен. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында өз ісін бастаймын деген 2 339 азаматқа 6,6 млрд теңге көлемінде несие берілген», – деді.
Айта кету керек, Қазақстандағы тоқыма, кілем өнеркәсібі дамуының маңызды әлеуеті Оңтүстік Қазақстан облысында. Мұнда мақта шаруашылығы жақсы дамыған. «Өңірдегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылып, онда тігін цехтары мен фабрикаларымыз жұмыс істеп жатыр. Ендігі мәселе – жеңіл өнеркәсіпті дамытуда шетелдік инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ жобаларды бірлесіп іске асыру. Бұл ретте өңірде шетелдік инвесторларға барлық қолдаулар жасалынады. Өнеркәсіпке қажетті жер телімі беріліп, барлық инфарқұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз ететін боламыз. Себебі бүгінгі таңда облысымыздағы жеңіл өнеркәсіпте кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы шағын және орта бизнес субъектілері болып табылады», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
«Қазақ кілемі» деген бренд қалыптастыру – арманым. Бүгінде қазақтың ою-өрнектеріне деген тапсырыс жоғары. Себебі әр оюда терең мағына жатады. Оны орнымен қолдану мәдениетін де келер ұрпаққа сіңірсем деймін. Осы мақсатта аянбай тер төгемін» деген пікірімен бөліскен Талғат Жүнісбекұлының өмір жолына үңілгенімізде, еңбекпен табылған нанның тәтті болатынына көз жеткіздік. Себебі адам баласы қандай да бір іс бастауда тәуекелге бел буса және қал-қадірі жеткенше еңбектенсе, түбі табысқа кенеліп, бақыттың кілтін табатыны сөзсіз.