«Әділет» партиясының сайлауалды штабы көкшетаулықтармен кәсіпкерлік, білім және инфрақұрылым мәселелерін талқылады

Бүгін, 17:23 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Кәсіпкерлерге арналған бірыңғай цифрлық платформа, колледждерге жасанды интеллект енгізу, коммуналдық желілерді жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы және өзге де ұсыныстар «Әділет» партиясы Республикалық сайлауалды штабының ақмолалық тұрғындармен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көкшетауға партия төрағасы Айбек Дәдебай мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар келді. Олар Bolashaq сарайында бизнес өкілдерімен, білім беру саласының мамандарымен және жұртшылықпен кездесті.

Басқосудың басты тақырыптарының бірі – отандық бизнесті қолдау. Кәсіпкер Индира Нұрлан өнеркәсіпті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіруді ұсынды. Сол арқылы кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алып, өтінім беріп, олардың қаралу барысын қадағалай алады.

Колледж оқытушысы Нұржамал Оспанова жаңа цифрлық экономикаға қажетті кадрларды даярлау мәселесін көтерді. Ол жасанды интеллект технологияларын мектептерде кезең-кезеңімен енгізуді, балалардың цифрлық және AI дағдыларын қалыптастыруды, ал колледждерде робот техникасы мен цифрлық инженерияны белсенді дамытуды ұсынды.

Экология және абаттандыру мәселелерін урбанист Расим Хамитов көтерді. Ол қалаларды көгалдандыру, экологиялық мәдениетті дамыту және қалада жайлы орта құру жоспарларын қолдады.

«Біз партияның экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Бұл бағдарлама жай ғана экологиялық акция емес, ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды», - деді ол.

Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген экологиялық шаралар туралы айтты. Қазақстандағы орман алқаптарының көлемін 14,5 млн гектарға дейін ұлғайту ұсынылады. Сондай-ақ 2030 жылға қарай таза энергия көздерінің үлесін кемінде 15 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу жоспарланған.

Бағдарламаның тағы бір бағыты жолдардың, жылу желілерінің, су құбырларының және өзге де базалық инфрақұрылымның жай-күйіне арналған. Құрылтай депутаттығына кандидат Юлия Кучинская партия бағдарламасында көзделген шараларды таныстырды.

«Еліміз бойынша 86 мың шақырым инженерлік желі салынып, қайта жаңғыртылады. Бұл олардың орташа тозу деңгейін қауіпсіз деп саналатын 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2029 жылға дейін республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жол жөнделіп, жергілікті және аудандық жолдардың нормативтік талапқа сай үлесі 95 пайызға дейін жеткізіледі», - деді Юлия Кучинская.

Кездесуде өнеркәсіп, туризм және цифрлық экономика салаларындағы маман тапшылығы да талқыланды. Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Каринова балабақшалар мен мектептерде жаңа орындар ашу, колледждерді дамыту және жастарды жұмыспен қамту жоспарлары туралы айтты.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында балабақшаларда 79 мыңнан астам жаңа орын ашу, ал мектептерде 300 мың оқушыға арналған жаңа орын пайдалануға беру көзделген. Колледждерде жастар екінші жұмысшы мамандығын тегін меңгере алады. Жыл сайын шамамен 40 мың жас жұмыспен қамту бағдарламасына қатысады», - деді кандидат.

Кездесуді қорытындылаған партия төрағасы Айбек Дәдебай өңірлердегі кездесу қоғамның Мемлекет басшысының реформалары мен конституциялық өзгерістеріне қолдау білдіретінін көрсетіп отырғанын айтты. Ол сондай-ақ партияның ауыл шаруашылығына қатысты ұсыныстарына тоқталды.

«Бүгінде өңірлерді дамыту Мемлекет басшысының назарында. Біздің міндетіміз – әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, олардың дамуын қамтамасыз ету, жергілікті жерлердің өкілеттігін кеңейту және адамның қай жерде тұратынына қарамастан лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Облыс орталықтарына өңірлердің дербес экономикалық, білім беру және әлеуметтік орталықтары ретінде басым қолдау көрсетіледі. Фермерлер үшін жеңілдетілген қаржыландыруға, ал қайта өңдеу кәсіпорындары үшін заманауи агротехнологиялар мен ветеринарлық қызметтерге қолжетімділік кеңейтіледі. Бұл қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек өндіруге, жаңа кәсіпорындар ашуға және өңірлерде жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді Айбек Дәдебай.

Ол тұрғындардың ұсыныстары партияның «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бағыты бойынша алдағы жұмысына енгізілетінін атап өтті.

«Біз өңірлерге дайын жауаптармен келмейміз. Тыңдап, естіп және бірге шешім іздеу үшін келеміз. Бүгін айтылған барлық ұсыныс пен ескерту – алдағы жұмысымыздың басты бағдары», - деп түйіндеді Айбек Дәдебай.

Республикалық сайлауалды штабтың өкілдері бір аптадан бері еліміздің өңірлерінде кездесу өткізіп жатыр. Ақмола облысына дейін олар Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды және Ұлытау облыстарында болды.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров

Тэгтер:

Көкшетау Айбек Дәдебай Әділет партиясы