«Иесі 33 жыл малын баққан адамға жала жапқан»: Ақтөбеде 100 жылқы ұрлады деген бақташы ақталып шықты

Бүгін, 17:11 / Алуа Арман
Коллаж: Turkystan.kz

Апелляциялық сот өмір бойы жылқы баққан 60 жастағы Рахат Сәрсеновті түрмеден босатты. Қожалық иесінің арызынан кейін оны 100 жылқы жымқырды деген айыппен 7 жылға соттатып жіберген. Жылқышының мойнына 30 млн теңге ілінген. Апелляцияда ұсынылған қосымша дәлелдерден кейін бір жылқының ғана жоғалғаны анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Stan.kz мәліметінше, 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновке кесілген жаза өзгерді. Ол сот залынан босап шықты. 28 жасында жылқының құлағында ойнап, жылқышы болған азаматтың бүгінде бір қол, бір аяғы істемейді. Сөйлейуі де қиындаған. Тек жылай берді.

Қарындасы Алтынай Сәрсенова ағасының өмірін түгелдей жылқы бағуға арнағанын айтып, қожалық иесін оның еңбегін бағаламады деп айыптады.

“Қан қысымы 250-280-нен түспейді. Қаншама укол, система алып жатыр. Жағдайы қатты нашар. Інім 1994 жылдан бастап Тәжіғалидің жылқысын бақты. Ауылда күйлі отырған жерінен таныстары жылқы бағуға алып кетті. 33 жылдан бері жылқының соңында жүрді. 28 жасында жылқы бағуды бастады. Түрмеде отырғанда 60 жасқа толды. Айдалада мал бағып жүріп, инсульт алып құлады. Балалары тауып әкеліп ауруханаға салды. Сол ауырып жатқан кезде үстінен арыз жазып қаматты. Мойнына 100 бас жылқы ілді. Бұның сауаты жоқ, қорыққанынан қол қойып берген. Жазылғанды түсінбейді. Соның кесірінен 2 ай 20 күн қамауда отырды. 33 жыл жылқы баққан еңбегі бағаланған жоқ. Тіпті үйін де банкке кепілге қойыпты. Оны өздері де білмейді. Нотариусқа апарып, қол қойдырған, бірақ не үшін қол қойғандарын түсінбеген. Психологтар да көмектесті, соған алғыс айтамын. Қазір сөйлеуі қиын, бір қолы мен бір аяғы толық жұмыс істемейді. Киімін де өзі кие алмайды, сөзі анық емес.Инсульт алса да, мүгедек болса да арамызда қарайып отырғанына қуаныштымын. Барлығымыз осының соңында жүрміз. Апта сайын түрмеге барамыз, барған сайын жағдайын көріп, жылап кететін едік”, - деді Алтынай Сәрсенова.

Сот отырысында жылқышының өзі ештеңе айта алмай, үнсіз жылай берді. Мал соңында жүріп қарайып қалған әйелі де 2-топ мүгедегі. Бес баланың анасы жолдасының жазықсыз күйіп кеткенін айтты.

Тэгтер:

Ақтөбе Жылқы ұрлық мал ұрлау бақташы жылқышы