Тікелей эфирде көлік жүргізіп, былапыт сөз айтқан павлодарлық 20 тәулікке қамалды

Бүгін, 16:42 / Інжу Әлихан
Фото: pavlodarnews.kz. Жасанды интеллект арқылы жасалған

Павлодар облысында әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері құқыққа қайшы әрекеттер көрсетілген тікелей эфирді анықтады.

Тексеру барысында тікелей эфир кезінде ер адамның автокөлік тізгінінде отырып, көпшілік алдында былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқаны белгілі болды. Сонымен қатар оның қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны анықталды.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны болып шықты.

Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілерде, оның ішінде тікелей эфирлерде жарияланған құқыққа қайшы әрекеттер тұрақты бақылауда болады және заң талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі.