Таиландта 26 шілдеде із-түзсіз жоғалған ресейлік ағайынды – 22 жастағы Диана Назимова мен 17 жастағы Роман Назимовтың өлтірілгені белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Thairat басылымының мәліметінше, ұсталған күдіктілер жәбірленушілерді өлтіріп, қылмысты жасыру үшін мәйіттерін таулы аймақта жерлегендерін мойындаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, тайлық қылмыстық топтың жетекшілері Понг пен Тонг 17 жастағы Романның атылғанын, ал оның әпкесі Диананың соққыдан көз жұмғанын айтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмысқа олардың мотоциклін иемдену ниеті себеп болған.
Алайда дәл осы мотоцикл тергеушілерге күдіктілердің ізіне түсуге көмектесті. Ресей азаматтары мінген Honda ADV 150 мотоциклі бөлшектелген күйде Чонбури провинциясындағы ескі зират маңына көмілген жерден табылған.
28 шілде күні кешке жергілікті тұрғын орман ішінде құрал-сайман ұстаған төрт күдікті ер адамды байқап қалған. Полиция оқиға орнына жеткенше олар қашып кеткен. Кейін құқық қорғау органдары жаңа ғана көміліп тасталған шұңқырды тауып, оның ішінен бөлшектелген мотоциклді алып шыққан.
Кейін полиция Хой мен Пханг есімді екі ер адамды ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша, олар қылмысқа қатысы бар адамдардың полиция қоршауынан шығып кетуіне көмектескен болуы мүмкін.
SHOT Telegram-арнасының мәліметінше, Диана мен Романның отбасы шамамен бес жыл бұрын Таиландқа қоныс аударған. Жоғалар алдында Диана анасына телефоны белгісіз Bluetooth құрылғысын анықтағанын, өзін біреудің аңдып жүргендей сезінетінін айтқан. Таңғы сағат 04:26-да оның телефонынан «Urgent!» («Шұғыл!») деген соңғы хабарлама келіп, содан кейін байланыс үзілген.