ЖСДП кандидаттары Абай облысында ауыл жастарымен пікір алмасты

31 шілде, 2026 / Алуа Арман
ЖСДП сайты

Абай облысының Бесқарағай ауданының орталығында Құрылтай депутаттығына кандидат Рүстем Сармановтың, сондай-ақ Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) белсенділері мен жақтастарының қатысуымен жастармен ашық диалог форматында кездесу өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесудің басты мақсаты – аудан жастарын толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау, олардың қажеттіліктері мен проблемаларын анықтау, сондай-ақ өмір сүру сапасын жақсарту, білім беру деңгейін арттыру, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту, жастар кәсіпкерлігін дамыту және бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағытындағы ұсыныстарды жинақтау болды.

Кездесу барысында Бесқарағай ауданының жастары кандидатқа өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойып, ұсыныс-пікірлерін ашық жеткізуге мүмкіндік алды. Әсіресе жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жас мамандарды қолдау, сапалы білімнің қолжетімділігі, спорттық және мәдени инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жастардың қоғамдық және саяси өмірге белсенді қатысуы мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Рүстем Сарманов жастардың ел дамуындағы басты қозғаушы күш екенін атап өтіп, олардың бастамалары мен ұсыныстары мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімдерде өз көрінісін табуы тиіс екенін айтты. Ол кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар жан-жақты қарастырылып, алдағы жұмыста міндетті түрде ескерілетінін жеткізді.

Кездесу ашық әрі сындарлы пікір алмасу рухында, өзара сенімге негізделген жағдайда өтті. Іс-шара жастар мен кандидат арасындағы еркін диалогқа жол ашып, өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. Кездесуге қатысушылар мұндай басқосулардың қоғам мен саяси күштер арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтіп, осындай форматтағы кездесулерді алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізудің маңыздылығын жеткізді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) 2026 жылғы Құрылтай сайлауы аясында Абай облысының тұрғындарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын және ашық форматтағы кездесулерді жүйелі түрде жалғастыруда. Партия өз қызметінде азаматтармен ашық диалог орнатуға, олардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеруге, сондай-ақ қоғамдық бастамаларды қолдауға ерекше мән береді.

 

 

Тэгтер:

сайлау үміткер Құрылтай кандидат ЖСДП