«Байтақ» партиясының өкілдері Сайранда сайлауалды бағдарламасын таныстырды

31 шілде, 2026 / Алуа Арман
"Байтақ" партиясының сайты

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының хатшысы әрі Құрылтай депутаттығына үміткер Владимир Мартель Алматы қаласындағы Сайран амфитеатрында кездесу өткізді. Жиынға экология және қоршаған орта басқармасына қарасты «Жасыл Алматы» кәсіпорны қызметкерлері мен тұрғындар шақырылды. Шараға 80-нен астам адам қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, экологиялық қауіпсіздік, қаланың тұрақты дамуы, қоғамдық орындарды абаттандыру және Сайран су қоймасын сақтау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тұрғындармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың ұсыныс-пікірі тыңдалды.

«Алматының болашағы – оның экологиялық жағдайына тікелей байланысты. Сайран сияқты табиғи аумақтарды сақтап, қоғамдық кеңістіктерді дамыту – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бөлігі. Біз үшін халық пікірін тыңдап, нақты ұсыныстарын сайлауалды бағдарламамызға енгізу – басты міндеттердің бірі», - деп атап өтті Владимир Мартель.

Тұрғындар да үнсіз қалмады. Сайран су қоймасының экологиялық жай-күйі, жасыл аймақтарды көбейту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және қоғамдық орындарды абаттандыруға қатысты өз ұсыныс-тілегін ортаға салды.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы тұрғындармен ашық диалог орнатып, экологиялық қауіпсіздік пен қаланың тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетуді жалғастыра бермек.

 

 

Тэгтер:

сайлау үміткер Құрылтай кандидат Байтақ партиясы