Мемлекеттік сатып алу: тендерде теңдік орнай ма?

Бүгін, 16:15 / Ділда УӘЛИБЕК

Мемлекеттік сатып алу жүйесі – бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалатынын, мемлекет жобаларының қаншалықты уақытылы орындалатынын айқындап беретін алаң.  Жөнсіз баға мен «жосықсыз» қатысушылардың артында бюджеттің миллиардтаған шығыны тұрады.

Былтыр қаңтардан бастап елімізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң күшіне енген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, бұл заңды кезекті өзгеріс ретінде ғана бағалау жеткіліксіз. Дегенмен заң – басқа, ал оның орындалуы мүлде басқа мәселе екені белгілі. Сонымен қатар жақында Қаржы министрлігі халықаралық стандарттарға сәйкес мемлекеттік сатып алу жүйесін кешенді бағалауды бастағанын мәлімдеген еді. 
Жалпы, қандай өзгерістер енгізілді? Сол өзгерістер нәтиже беріп жатыр ма? Шолу жасап көрмекпіз.

Жылдамдық бар да, сапа бар

Қаржы министрлігі берген ақпаратқа сүйенсек, реформаның алғашқы нәтижелері мемлекеттік сатып алу саласында жылдамдық едәуір артқанын көрсетеді. Бұрын қарапайым конкурс өткізуге екі айға жуық уақыт кетсе, қазір бұл мерзім 10 күнге дейін қысқарған. Рейтингтік-балдық жүйе арқылы жүргізілетін сатып алулар 5 жұмыс күні ішінде аяқталады.
Бұл өзгерістің маңызы тек конкурс мерзімінің қысқаруымен өлшенбейді. Мемлекеттік мекеме сатып алуды неғұрлым ерте аяқтаса, қажетті тауарды жеткізу, қызмет көрсету немесе құрылыс жұмыстарын бастау мүмкіндігі де соғұрлым жеделдейді. Әсіресе, әлеуметтік нысандарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, дәрі-дәрмек немесе коммуналдық қызметтерді сатып алу кезінде рәсімдердің бірнеше айға созылуы жобаның өзіне тікелей әсер ететін.
Дегенмен жылдамдық бар да, сапа бар. Қысқа мерзімде өтетін конкурстар сатып алу жоспарының алдын ала мұқият әзірленуін, техникалық сипаттамалардың нақты жазылуын және ақпараттық жүйелердегі деректердің дұрыс болуын талап етеді. Өйткені рәсім автоматтандырылған сайын бастапқы мәліметтердің сапасы шешуші мәнге ие болады. Жүйеге қате немесе толық емес ақпарат енгізілсе, автоматты шешімнің өзі де күмән туғызуы мүмкін.

Сатып алу көлемі өскен

Былтыр мемлекеттік сатып алу ая­сын­да 8,1 трлн теңгеге келісімшарт жа­салған. Бұл 2024 жылғы 5,3 трлн тең­ге­мен салыстырғанда 53 пайызға көп. Бұл көр­сеткішті мемлекеттік шығындардың жай ғана ұлғаюы деп қарастыру біржақты бо­лар еді. Сатып алу көлемінің өсуіне бюд­жеттік жобалардың белсенді іске асырылуы, бұ­рын созылып келген рәсімдердің же­дел­деуі және келісімшарттарды уақытында рә­сімдеу мүмкіндігінің артуы ықпал етуі ық­тимал.
Бірақ келісімшарт сомасының өсуі жүйе тиімділігінің жалғыз өлшемі бола ал­майды. Негізгі мәселе жасалған шарт­тар­дың қаншасы толық және сапалы орын­дал­ға­нында. Алдағы уақытта мемлекеттік са­тып алу тиімділігін бағалау кезінде конкурс өткізу мерзімімен қатар, қызметтің уақы­тын­да көрсетілуі, келісімшарттардың бұзы­лу үлесі, бағаның нарықтық деңгейге сәй­кес­тігі және сатып алынған тауарлар мен қыз­меттердің сапасы да ескерілуге тиіс.
Яғни, реформаның келесі кезеңінде «қан­ша қаржы игерілді?» деген сұраққа қа­ра­ғанда «сол бөлінген қаржының нәтижесі қан­дай болды?» деген мәселеге көбірек көңіл бөлінгені жөн болары анық.

Шағым азайған

Жаңа заң шағым қарау тәртібін де өзгертті. Енді конкурс нәтижесіне қатысты өтінішті сатып алуды ұйым­дас­тыру­шының өзі қарайды. Бұл тәсіл рәсім­дер­дің ұзақ уақытқа тоқтап қалмауына мүм­кіндік берді. Нәтижесінде 2025 жылы ша­ғымдар саны алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда 21 пайызға төмендеген.
Сонымен бірге сотқа жүгіну сатып алу рә­сімін автоматты түрде тоқтатпайды. Мұ­ның артықшылығы – бір қатысушының ары­зы әлеуметтік немесе инфра­құ­ры­лым­дық жобаның іске асырылуын бірнеше айға бөгемеуі керек.
Алайда шағымдар санының азаюын жүйе­ге деген сенімнің толық артқанымен ғана байланыстыру асығыстық болар еді. Бұл көрсеткіш рәсімдердің түсінікті болуы­нан да, жеңімпазды автоматты түрде анық­тау тетігінің кеңеюінен де, шағымданудың бұрынғыдай сатып алуды тоқтатпайты­ны­нан да туындауы мүмкін.
Сондықтан шағымдардың азаюымен бір­ге олардың мазмұны да ескерілуі керек. Қа­тысушылар қандай мәселелерге жиі нара­зы болады? Техникалық сипаттамалар бел­гілі бір өнім берушіге бейімделе ме? Тап­сырыс берушілер шағымдарды қаншалықты бей­тарап қарайды? Осындай мәселелер бойын­ша ашық статистика жарияланса, жүйе­ге сенім де нығая түсер еді.

Жеңімпазды комиссия емес, жүйе анықтайды

Мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңар­ту­дағы ең маңызды өзгерістердің бірі рей­тинг­тік-балдық жүйенің енгізілуі болды. Әсіресе, құрылыс саласында жеңім­пазды кон­курстық комиссия емес, мемлекеттік ақ­параттық жүйелердегі деректер негізінде элек­тронды жүйе авто­матты түрде анық­тайды.
Бағалау кезінде мердігердің жұмыс тә­жі­рибесі, салықтық тәртібі, аумақтық ерек­шеліктері, теріс көрсеткіштерінің болуы және басқа да өлшемдер ескеріледі. Осы­лай­ша, өнім берушіні таңдау бір адамның не­месе комиссия мүшелерінің субъективті пікіріне тәуелді болмайды.
Бұл тәсілдің басты артықшылығы – ше­шім қабылдау үдерісіне тікелей араласу мүмкіндігін шектеуінде. Бұрын конкурстық комиссияның бағалауына қатысты күмән туын­дауы ықтимал болса, енді жеңімпаз ал­дын ала белгіленген көрсеткіштер бойын­ша есептеледі.
Сонымен қатар автоматтандырудың өзі барлық тәуекелді біржола жой­май­ды. Жүйе қандай өлшемдерді басым деп са­найды, әр көрсеткішке қанша балл береді және деректер қаншалықты жиі жаңар­ты­лады деген сұрақ маңызды. Егер бағалау ал­го­ритмі ашық түсіндірілмесе, адам қа­былдаған түсініксіз шешімнің орнына ал­горитм қабылдаған түсініксіз шешім келуі мүмкін. Рейтингтік-балдық сатып алудың қорытындысына шағым түсіруге жол беріл­мейтіні де жүйенің дәлдігіне қойылатын талапты күшейтеді. Мұндай жағдайда алго­ритмнің жұмысына тұрақты аудит жүргізу, қате деректерді жедел түзету және қатысу­шыларға өз көрсеткіштерін алдын ала тексеруге мүмкіндік беру қажет.

Жауапкершілік күшейеді

Құрылыс саласындағы тендерде жобаға әр­түрлі ұйым қатысып, мәселе туындаса, жауап­кершілікті бір-біріне жиі аударып жа­тады. Жобалаушы құрылыстың сапасы­на, құрылысшы жобалық шешімге, ал тех­никалық қадағалау басқа қатысушыға сіл­теуі мүмкін еді. Жаңа тәсіл осы бытыраң­қылықты азайтып, соңғы нәтиже үшін жауап беретін нақты орындаушыны ай­қын­дайды.
Бірақ мұндай модель мердігерді таң­дауға қойылатын талапты да күшейтеді. Жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі толық циклді атқару үшін компа­ния­ның қаржылық тұрақтылығы, инже­нер­лік мүмкіндігі, кәсіби мамандары және бұрынғы тәжірибесі жеткілікті болуы ке­рек.
Бұл тетікке енгізілетін нысандар тізбе­сін мәслихаттардың бекітуі өңірлік ерек­шеліктерді ескеруге мүмкіндік береді. Со­нымен бірге шешімдердің негізділігі қоғам­ға түсінікті болуы маңызды. Қандай нысан не себепті «Кілтімен тапсыру» тәсілімен са­лынады, мердігерге қандай міндеттемелер жүктеледі және кепілдік мерзімі қалай бел­гіленеді деген ақпарат ашық жарияланғаны жөн.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу­дың бірыңғай операторы саналатын Электрондық қаржы орталығының ба­за­сында Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды. Ол мемлекеттік сатып алу пор­талын, «Самұрық-Қазына» қорының са­тып алу жүйесін және өзге де электронды алаң­дарды бір кеңістікке біріктіруге бағыт­талған.
Бұған дейін әр ұйымның өз сатып алу тәр­тібі мен ақпараттық жүйесінің болуы биз­нес үшін қосымша кедергі тудыратын. Өнім берушілер әр алаңға бөлек тіркеліп, әр­түрлі талаптарға бейімделуге мәжбүр бол­ды. Бірыңғай платформаға толық көшу бұл үдерісті біріздендіріп, сатып алу на­ры­ғын бизнес үшін түсініктірек етуге тиіс.
Мұндай біріктіру мемлекеттік бақы­лау­ды да жеңілдетеді. Бір компанияның түрлі алаңдардағы келісімшарттарын, міндет­те­мелерді орындау тарихын және ықтимал тәуе­келдерін салыстыруға мүмкіндік пайда бо­лады. Бұл жалған бәсекелестік, өзара бай­ланысты компаниялар немесе келісім­шарт­тарды үнемі жеңіп алып, міндеттемесін тиі­сінше орындамайтын жеткізушілерді ер­терек анықтауға көмектесуі мүмкін.
Алайда барлық жүйені бір платформаға шо­ғырландыру киберқауіпсіздік пен тех­никалық тұрақтылық мәселесін де ал­дың­ғы қатарға шығарады. Бірыңғай жүйенің жұ­­мысы тоқтаса, сатып алу үдерістерінің едә­уір бөлігіне бір мезгілде әсер етуі ықти­мал. Сондықтан резервтік инфрақұрылым, деректерді қорғау және жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі реформаның маңызды бөлігі болуға тиіс.

ЖИ жәрдемші бола ала ма?

Қазір мемлекеттік сатып алудың жос­пар­лаудан бастап төлем жасауға дейінгі бар­лық кезеңі веб-порталда электронды фор­матта жүргізіледі. Бұл әрбір әрекетті тір­кеуге, рәсімдерді қадағалауға және кейін тексеруге мүмкіндік береді.
Қаржы министрлігі алдағы кезеңде жа­санды интеллект технологияларын кеңі­нен пайдалануды көздеп отыр. Оның мүм­кіндігі жеңімпазды анықтаумен ғана шек­тел­меуі керек. Жасанды интеллект тех­ни­ка­лық сипаттамалардың белгілі бір ком­па­нияға бейімделгенін анықтауға, нарықтық баға­дан айтарлықтай ауытқыған ұсыныс­тар­ды белгілеуге, бір-бірімен байланысты өнім берушілерді табуға және күмәнді са­тып алуларды алдын ала саралауға қол­да­нылуы мүмкін.
Мысалы, бір тапсырыс беруші қысқа уақыт ішінде сол тауарды әртүрлі ба­ғамен бірнеше рет сатып алса немесе кон­курс талаптары үнемі бір ғана ком­па­нияға сәйкес келсе, жүйе мұны автоматты түрде тәуекел белгісі ретінде көрсете алады.
Дегенмен жасанды интеллект бақы­лау­шы­ның орнын толық баса алмайтыны – бел­гілі жайт. Ол үлкен көлемдегі деректерді сара­лап, күмәнді жағдайларды анықтайтын құрал болса, онда әңгіме – басқа. Соңғы құ­қық­тық бағаны уәкілетті орган немесе ау­дитор беруі тиіс.
Алгоритмдерді енгізу кезінде олардың қан­дай деректерді пайдаланатыны, қате­лесу ықтималдығы және шешімге кім жауап беретіні нақты белгіленуі қажет. Мем­лекеттік сатып алу саласындағы алго­ритм қатесі компанияны маңызды нарық­тан шеттетуі немесе бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелуі мүмкін.

Қоғамдық мониторинг нақты бақылауға айнала ала ма?

Жаңа заңда қоғамдық мониторинг тетігінің енгізілуі мемлекеттік са­тып алуды тек мемлекеттік органдардың ішкі рәсімі ретінде қарауға болмайтынын көрсетеді. Азаматтар, сарапшылар мен қо­ғам­дық ұйымдар сатып алу туралы ақ­парат­ты талдап, күмәнді жағдайларға на­зар аудара алады.
Бірақ қоғамдық мониторингтің тиім­ділігі ақпараттың жай жариялануына емес, оның түсінікті әрі өңдеуге ыңғайлы болуы­на байланысты. Мыңдаған келісімшарттың сканерленген нұсқасын порталға орналас­тыру формалды ашықтықты қамтамасыз етуі мүмкін, алайда ол қоғамға нақты тал­дау жасауға мүмкіндік бермейді.
Сатып алу деректері ашық форматта ұсы­нылып, тапсырыс беруші, өнім беруші, баға, келісімшарттың орындалу мерзімі, қо­сымша келісімдер және нақты төлемдер бойынша іздеу мүмкіндігі болуы керек. Сон­да қоғамдық бақылау жекелеген даулы са­тып алуларға назар аударумен шектелмей, жүйелі мәселелерді анықтайтын құралға айналады.

Отандық өндірушіні қолдау әділ болуы қажет

Қаржы министрлігі ұлттық режимнен алып тасталатын тауарлар тізбесін кеңейту ар­қылы отандық өндірушілерге қолдау көр­сетуді жоспарлап отыр. Бұл мемлекеттік тап­сырысты ішкі өндірісті дамытуға, жұ­мыс орындарын ашуға және импортқа тәуел­ділікті азайтуға бағыттауға мүмкіндік береді.
Алайда мұндай қолдау сапа мен бағаға қойы­латын талаптарды әлсіретпеуі керек. Отан­дық өнімнің өзі бәсекеге қабілетті, қауіп­сіз және мемлекеттік тапсырыс беру­ші­нің қажеттілігіне сай болғаны маңызды.
Мемлекеттік сатып алу отандық биз­нес­ті дамытудың қуатты құралына айнала ала­ды. Бірақ тұрақты мемлекеттік тап­сы­рысқа сүйенген компаниялар техно­ло­гия­лық жаңару мен өнім сапасын арттырудан бас тартса, қолдау шарасы ұзақ мерзімде кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан жергілікті қам­туды арттырумен бірге өндіріс сапасы, ин­новация және келісімшарттық мін­дет­темелерді орындау деңгейі де бағалануға тиіс. Бұдан бөлек, бақылау әділ жүргені де аса маңызды. 

MAPS бағалауы солқылдақ тұстарды көрсетуі мүмкін

2026 жылғы 9 шілдеде Қаржы ми­нистр­лігі Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорымен бірлесіп, Қазақстанның мем­ле­кет­тік сатып алу жүйесін MAPS халық­ара­лық әдіснамасы бойынша бағалауға ар­нал­ғ­ан кіріспе семинар өткізді.
MAPS әдіснамасы сатып алу жүйесін тек заң талаптары бойынша емес, оның іс жү­зін­де қалай жұмыс істейтініне қарай ке­шен­ді бағалайды. Оның аясында құқықтық жә­не институционалдық орта, сатып алу рәсімдерінің тиімділігі, ашықтық, есептілік, бәсекелестік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктер қарастырылады.
Еліміздің мемлекеттік сатып алу жүйесі осы әдіснама бойынша бұған дейін 2019 жылы Дүниежүзілік банк, Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымы, Еу­ропа­лық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі және Азия даму банкі өкілдері­нің қатысуымен бағаланған еді.
Жаңа бағалау 2019 жылдан бері жүзеге асқан реформалардың нәтижесін салыс­тыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол ресми статистикада көрінбейтін мәселе­лерді де анықтауы ықтимал. Мысалы, рә­сімдердің жылдамдығы артқанымен, бәсе­келестік деңгейі қалай өзгерді? Шағын және орта бизнеске мемлекеттік тапсырыс­қа қатысу жеңілдеді ме? Бір ғана қатысушы өтінім беретін конкурстардың үлесі азайды ма? Келісімшарттардың орындалу сапасы жақсарды ма?
Халықаралық бағалаудың мәні Қазақ­станның сатып алу жүйесіне баға берумен шектелмейді. Оның негізгі пайдасы әлсіз тұстарды анықтап, келесі реформаның нақ­ты бағытын белгілеуде болмақ.

P.S.

Осылайша, мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар технологиялық және құқықтық өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістер жүйені бұрынғыдан жылдам әрі бақыланатын етуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда цифрландыру мен автоматтандыру әділдікке кепілдік бермейді. Нәтиже алгоритмдердің ашықтығына, бастапқы деректердің сапасына, қоғамдық бақылаудың пәрменділігіне және келісімшарттардың нақты орындалуына байланысты болады.
Сондықтан реформаның шынайы тиімділігі жасалған келісімшарттардың триллиондаған сомасымен ғана емес, сол қаражаттың қоғам өміріне қаншалықты нақты өзгеріс әкелгенімен бағалануға тиіс.