Ұлт рухын бояумен өрнектеген суретші

Бүгін, 16:15 / Túrkіstan IPW

Жуырда Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде талантты кескіндемеші, Суретшілер одағының мүшесі, белгілі суретші Құмар Омарханның «Ұлы рух» атты жеке көрмесі өткен болатын. Әр картинасы ұлттық рухқа суарылған, тарихи танымға негізделген, ұлы тұлғалардың бірегей портреттерін кескіндеген оның шығармашылығы туралы өнертанушы Зухра Ыдырыстың мақаласын ұсынып отырмыз.

Құмар Омархан ХХІ ғасырдың басын­дағы Тәуелсіз Қазақстанның жас сурет­ші­лер легінің көшін бастаған шебер суретші. Оның шығармашылығы қазақ халқының ұлт және мемлекет болып қалыптасуында зор үлесін қосқан, жанын пида еткен ұлт қай­раткерлерінің көркемдік бейнесін кес­кіндемеде көркемдеп шешуімен ерек­шеленеді. Шығармашылық жолын осыдан 20 жыл бұрын бастаған суретші тырна­қал­ды туындыларынан-ақ бабалар рухын ұр­пақ жадында қайта жаңғыртуымен кө­рермен көңіліне жол тартып, оң баға­сын алды. 


Шығармашылығының алғашқы кезеңінде-ақ, яғни, 2013 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер му­зейі және Airline компаниясының ұйым­­­дастыруымен өткізілген «Қазақ хал­қының эпостық жырлары» атты кон­курс­тық көрменің дипломанты атанып, «Ба­тыр бабалар 1» атты жұмысы комис­сия­ның шешімімен Әбілхан Қастеев атын­да­ғы Ұлттық өнер музейінің алтын қорына ен­ді. Осы жылы Алматы қаласында ше-
т­елде тұратын отандастардың қатысуы­мен өт­кізілген Халықаралық өнер фестивалі ая­сында ұйымдастырылған суретшілер көр­месінде І орынды иеленді. 
2014 жылы Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының ұйымдастыруымен өт­кен бейнелеу өнері байқауының 1 орын ие­гері. 2019 жылы Түркия Мемлекеті Кипр аралындағы шығармашылық сим­позиумға шақырту алып, Суат Ирфан Гүн­сел мырзаның ұйымдастыруымен жи­­нақталып жатқан Заманауи өнер му­зейі­не жұмыстары қабылданды. 


Қазақстанның Суретшілер одағының ұйымдастыруымен Ақтау, Атырау, Қы­зыл­орда және т.б. облыс орталықтарында өткен симпозиумдарға белсенді қатысу­шы әрі республикалық деңгейдегі бірнеше байқаудың жеңімпазы. Құмар Омархан елімізге белгілі суретші Есімғали Жұманов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Жұмақын Қайрамбаевтың шәкірті. Со­нымен қатар ол Ж.Қайрамбаевтың үздік шәкірттерінен құрылған Izder шы­ғармашылық тобының мүшесі ретінде бірнеше көрмеге қатысып, өзінің шы­ғар­ма­шылық қолтаңбасын айқындаған. Қа­зір Құмар Омарханның өзі де Темірбек Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясына қарасты колледж бен мек­теп-интернатта жас суретшілердің бір­не­ше буынын тәрбиелеп келе жатқан тә­жі­ри­белі ұстаз, білікті маман, шебер суретші.  


Құмар Омархан елімізге белгілі сурет­шілердің арасында 2021 жылы ұйым­дас­тырылған ХІ республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған онлайн-конкурсына қатысып «Абай және Жамбыл әлемі жас суретшілер көзімен» атты «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған үздік көркемсурет туынды» номинациясы бойынша «Абай Құнанбайұлы. Күз» туындысы үшін бас жүл­демен марапатталып, қомақты қар­жы­лай сыйақыға ие болды. 
Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, ақын, ойшыл, аудармашы Абай Құ­нан­байұлының шығармашылық бол­мы­сын ашатын көркем образы сәтті шешім тап­қан аталмыш туынды 2020 жылы өлшемі 140х90 см болатын көлденең фор­матты кенепте майлы бояумен лис­си­ровкалы техникада орындалады. Туын­дының колориттік шешімі мен орындау шеберлігі Құмар Омарханның өзіндік қолтаңбалық ерекшелігіне, тәлім алған кәсіби шеберлік мектебіне сай реалистік мәнерде шешім тапқан.

Туындыдан оң жақтан солға қарай бағытталған, үстіне кең пішімді жеңіл шапанын киіп, екі қолын артына ай­қастырып ұстаған күйі ойға шомып, күзгі салқында сейіл құрған Абай бей­не­сін көреміз. Ауыр ойға батқан болмысын Абайдың көз жанарын алысқа салмай, бас­ын сәл еңкейте ұстап, бейтарап бағыт­та аяңдаған жүрісі айқындай түседі. Жа­пырақтары түскен қурайлар мен ағаш бұ­тақтары, сарғыш реңге боялған бүкіл ал­қап, көлін тастап жылы жаққа сұңқыл­дай ұшқан тырналар, сұрғыш көк суық түске боялған көл де, күздің қара суық мезгілі болғанын білдірсе керек. Туынды ко­лориті Абай атамыздың «Күз» атты өлеңінде «Сұр бұлт түсі суық қаптайды ас­пан, Күз болып дымқыл тұман жерді бас­қан», – деп жырлайтын өлең шумақ­тарының жолдарына сәйкес келеді. Жылуын аз шашып, мейлінше кішірейген күн көзі, алыстан мұнарлап іздеусіз қал­ған­дай көрінген жалғыз балбал тас күз мез­гілінің соңғы айларындағы сүрең­сіз­дікті жеткізгісі келгендей. Алайда суретші сары реңдес түстерді ұтымды пайдалана отырып, табиғаттың сұлулығын шебер жет­кізеді. Сары және сұр түсті колорит ар­қылы Абайдың қара халқының бола­шағы жайлы ұлы толғаныстарын, шеккен уайымын да мейлінше әсерлі суреттеген. Тақырыптық туындының түстік шеші­мінен ұлы ақынның шығармашылық аурасын, философиялық ой-толғауларын толықтай сезіне аламыз. Абай әлеміне бойлай отырып артында мол мұра қал­дырған дара тұлғаның жалпы халыққа танымды әдеби, театралдық бейнесін де­не тұрқының силуэтті шешімі арқылы тұтас жеткізеді. Бұл туындыдан Абай Құ­нанбайұлының портреттік бейнесін көрмегенімізбен, Абай әлеміне сезімдік тұрғыда терең бойлаймыз.
Туынды Абай әлеміне деген асқан құрмет пен сағынышқа негіздел­ген­діктен, романтикалық реалистік мә­нерде шешім тауып, лиссировкалық жазу техникасы арқылы лирикалық көңіл күй­де орындалған. Құмар Омарханның «Абай» атты туындысына қарап отырып, оның әлемін, философиясын, танымын, ли­рикалық өлеңдерінің табиғатын сезі­ніп, түйсіне аламыз. Туынды көрер­мен­ді ақынның дара әлеміне елітіп таныстыруға, Абай шығармашылығын насихаттауға арналған. 


Портреттер сериясында осындай мә­нерде жазылған кезекті туын­дысы Шәкәрім Құдайбердіұлына ар­на­лады. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың философиялық-этикалық бай мұрасын өз шығармашылығында дінмен, дәстүрлі мәдениетпен терең сабақтастықта пара­сат­ты жеткізген ақынның кеуделік порт­реті суретші шығармашылығында дара шешім тапқан. Әлдеқандай мистикалық әсер­лерге жетелейтін туындының жазылу мә­нері Шәкәрім әлемінің тылсым сыр­ларына көрерменін бойлатқысы кел­гендей. Ш.Құдайбердіұлының сәтті шешім тапқан портреттік келбеті өткен шақтан ұрпағына зор үмітпен қарап тұрғандай әсер қалдырады. Бейне мен артқы ая ара­сындағы ауа кеңістігінің бір сәтте өте мол секілді сезілуі ақынның басы мен қауға са­қалының тым шынайы әрі әсерлі көрі­ніс табуына мүмкіндік берсе, бейнеленген кескін шекараларының, әсіресе, кеуде және иық бөлігінің жуылып, аямен бір сәт кей жерлерде тұтасып бейнеленуі тыл­сым­дық, яғни, мистика әсерін күшейте түседі.
Кескіндемеші шығармашылығы не­гізгі үш бағытта дамуда. Бірінші бағыты со­нау шығармашылығының алғашқы жыл­дарынан бастау алған күрделі ком­позициялық құрылымға негізделген та­қырыптық-жанрлық туындылар. Бұл қа­тарда суретші негізінен батальдық жанр­лар­дан бастап, тақырыптық ком­по­зи­ция­ларға дейін қарастыра отырып, дәстүрлі академиялық мектептің талаптарына сай жұмыс жасайды. 
Екінші бағытын суретші шығар­ма­шылығындағы шағын жанрлық туын­ды­лар құрайды. Олардың қатарынан еліміз­дің тамаша табиғатын кескіндейдін әр­түр­лі этюдтер мен табиғат көріністерін жә­не ұлттық мұрамыз бен дәстүрімізді на­сихаттайтын натюрморттар сериясын та­машалай аламыз. 
Шығармашылығының негізгі ма­ғыналық құрылымын айқындаған үшінші бағы­ты портреттер галереясына арналған. Осы портрет бағытында суретші өзінің жа­нына жақын жандарының камералық ше­шімдегі келбеттерін бір серияға топ­тас­тырып кескіндейді. Бұлардың қата­ры­нан жан-жарының, ерке  әрі қылықты қы­зының, үміт артар ұлдарының және ар­қасүйер әкесінің бейнелерін көруге бола­ды. Аталмыш портреттерде Құмар өз от­басының әрбір мүшесіне деген өзінің ма­хаббаты мен ыстық ықыласын, ізгі ті­леуі мен сүйіспеншілігін жарық пен түс­тің қатынасында шебер жеткізеді. От­ба­сылық портрет сериясына көбіне ро­ман­ти­калық көгілдір түс пен сезімді сергітетін қа­нық қызыл түстің үйлесімді үндестігі тән. Алтын түстес жарқыраған сары, жұм­сақ охра мен жанға жағымды қоңырқай түстер де осы камералық портреттердің не­гізгі гаммасын құрап, көрерменнің қа­былдауында жайлы әрі жылы сезім ту­дырады. Бұл топтамадан көңілге ерекше әсер ететіні 2025 жылы жазылған, марқұм әкесімен рухани түрде қоштасуға ар­нал­ған «Соңғы қоштасу» атты туындысы. Мұн­­да атасы мен немересінің арасындағы ма­­хаббат өте сезімді әрі сенімді кескін­де­ліп, жүректің түпкірінен көңілдің төрінен орын алады.
Құмар Омарханның портреттер га­лереясының шебін ұлт қайраткерлерінің тұлғалық келбеті жалғастырады. Су­рет­ші­нің мұндағы мақсаты жас ұрпақтың жа­дында ұлт қайраткерлерінің порт­рет­тік бейнелерін қайта жаңғырту болды. Осы орайда кескіндемеші жазу мәнеріне жаңаша ізденістер қоса отырып масти­хин­мен жазу әдісін дамытып экспери­менттер жасайды. Ол қазақ халқының ел­дігі мен еркіндігі жолында жан беріп кү­рескен хандар мен батырлардың (Жо­шы хан (2023), Сұлтан Бейбарыс (2023), Әлия Молдағұлова (2022), Бауыржан Мо­мышұлы (2023) және т.б.), мемлекеттігіміз бен тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуында аянбай еңбек еткен Алаш арыстарының (Ә.Бөкейханов (2021), А.Байтұрсынұлы (2024) және т.б.), халықтың рухани әле­мі­нің шырағын жаққан әдебиет пен ғы­лымның, қазақ философиясының дара тұл­ғаларының (Абай Құнанбайұлы (2020), Шәкәрім Құдайбердіұлы (2019), Мұх­тар Әуезов (2024), Ақселеу Сейдім­беков (2023), Әбіш Кекілбаев (2024) және т.б.) кескіндемедегі көркемдік бейнесін қайта қарастырады. Бұл туындыларында көрініс тапқан биік тұлғалық шешім мен асқақ рухтың бейнесі болған кейіпкерлер арқылы өскелең ұрпақтың көкірегенде ұлт­жандылық сезімін оятуды көздей отырып, эпикалық романтизм мәнерінде кескіндейді. Әрбір тұлғаның мастихинмен жазылған қат-қабат бояуларының мың түр­лі реңктерінің үндестігінде шешілген бей­несі, пастозды жазу мәнері әрбір кейіп­тердің ұлт тарихындағы ерен еңбе­гінің, ауыр тағдырының, тар жол тайғақ кешкен шығармашылық ізденістерінің, егемендік үшін жан аямай күрескен фи­зикалық және рухани шайқастарының символы іспеттес. 

Құмар Омархан осындай отбасы мү­шелері мен ұлт қайраткерлерінің үлгілі ғұмырын кескіндеуге арналған портреттік галереяларын лирикалық және эпикалық романтизмге негізделген реализм мә­не­рінде шешеді. Оның шығарма­шы­лығы бейнеленуші тұлғаның көркем бейнесін түс пен пастозды жазу мәнері арқылы сырт­­қы портреттік келбетін ішкі әлемі­мен, характерімен, өмір жолымен, шы­ғар­машылығымен байланыстыра отырып ашу­ға негізделген. Яғни, суретші ұлт қайраткерлерінің халық санасына жақын, танымды, идеалдандырылған бейнесін жасайды. Қою қараңғы әрі суық түс пен бол­машы жарық сәулесі арқылы кейіп­кердің тағдыры мен шығармашылығын, өткен күн мен бүгінгінің арасындағы бай­ланысты орната отырып қарастыруға ты­рысады. Туындыларына танымсыз бей­тарап кеңістік беру арқылы бейнеленген кейіп­кер тұлғасын барлық уақытқа тие­сілі еткендей. Демек,  оның болмысын біз тек өткен шақта ғана қарастыра алмай­мыз. Мұндай танымсыз бейтарап кеңіс­тік­тер әсершілдікке бой алдырған роман­тизм­нің басты белгілерінің бірі. Бүгінгі жас суретшілердің арасында тынымсыз ең­бек етіп орта буынға өткен Құмар Омар­­хан шығармашылығы мейлінше қы­зықты әрі ізденіске толы. Шығар­ма­шы­лы­ғына көз жүгіртіп қарар болсақ, оның ұдайы ізденіс үстінде екенін байқау қиын емес. 
Суретші ой мен сезімнің адамы. Ол өз шығармашылығында осының тоғысқан түйінін тең ұстай алу керек. Құмар Омар­хан осы ізденісте жемісті нәти­же­лерге қол жеткізіп қазақ кескіндемесінің да­муы­на өзіндік үлесін қосып жүрген, аға буын мен жас буынның арасына көпір бо­лып жалғанған, дәстүрлі реалистік мек­тептің тәжірибелерін жаңаша ізденіс­тері­мен тоғыстыра білген,  болашағынан зор үміт күттіретін, өзінен кейінгі буынға үлгі болатын суретшілердің бірі.   

Зухра ЫДЫРЫС, 
өнертанушы