Айнұр Әбдірәсілқызы: Зайырлылық таңдауымыз емес, тағдырымыз

Бүгін, 16:00 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Қоғамның ішкі ядросы сенім және ой бостандығы арқылы бекиді. Бірақ зайырлылық болмаса, «бостандықтың» жалаң қылышқа айналуы бек мүмкін. Зайырлы адам өз сенімін ғана әспеттемей, өзгенің сеніміне құрметпен қарай алады. Бүгін біз Ясауитану халықаралық зерттеулер орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, түркітанушы ғалым, ақын Айнұр Әбдірәсілқызымен осы әңгімені өзек ете отырып, қоғамдық процестегі біраз дүниені әңгіме еттік.

– Сізді халық әуелі ақын ретінде та­ны­ды. Кейін ғылым саласына, оның ішін­де дінтануға бет бұрдыңыз. Поэзия мен ғылым жолын қалай ұштастырып жүр­сіз?

– Мен 14 жасымда араб тілін үйреніп, қо­­­­лыма Құран алдым. 16-ға толар-толмас ша­ғымда Қ.А.Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетінің Шығыстану факультетінің араб тілі бөліміне оқуға түстім. Сол алғашқы курстан бастап, құрантану зерт­теулеріне ден қойдым. Жалпы, мен өмір бойы айналысатын ісім Алламен байланысты болсын деп, араб тілін ислам дініне барар жол ре­тінде таңдағанмын. Менің өлең­дерім «Әде­биет айдыны» газетінде жария­ланып, елді елең еткізген 2006 жылға дейін мен уни­вер­си­тетті, магистратура мен аспирантураны тә­­­­­­мамдап, Ясауитану ғылыми-зерттеу ор­та­лығында және Ұлттық ғылым ака­де­мия­сы­ның Әдебиет және өнер институтында бір­неше жыл жұмыс істеп, жас ғалым ретінде жақ­сы-ақ танылып үлгерген болатынмын.

– Сіз түркі халықтары әдебиетін, Ясауи поэзиясын терең зерделедіңіз. Орта Азия халықтары әдебиетінде со­пы­лық дүниетанымның алар орны қандай? 

– Орта Азия әдебиетінде лиризмді терең ор­­нықтырған құбылыс – сопылық таным. Әри­не, поэзияның табиғатына лиризм тән. Де­генмен әдеби даму кезеңдерінде оның кө­рініс беруі әртекті болады. Ясауиге дейінгі түр­кілік поэ­зияның ең көрнекті мысалдары кө­рініс тапқан Қашқари сөздігінде лиризмнің та­биғи, нәзік көріністері бар. Басқа мысал­дар­ға қатысты да осыны айтуға болады. Ал со­пылық сарын, соның ішінде түркі жазба әдебиетінде Ясауи дендеп орнық­тырған со­пылық лирика тереңдігімен, өршілдігімен, әсер­лілігімен, қуаттылы­ғымен ерекшеленеді. Өйткені сопылық поэзияның өзегін Аллаға де­ген махаббат құрайды. Ал Аллаға деген ма­хаббат жасық, бойкүйез, төменшік бола ал­майды. Ол өр рухты, қайсар мінезді, сенім мен ерік-жігерге толы болады. Өйткені ол – мәң­гілікке, жасампаздыққа, мейірімге, пара­сатқа деген махаббат. 
Осындай өршіл де сыршыл болмы­сымен түр­кі халықтары поэзиясына автоп­си­хо­ло­гия­лық типтегі лирикалық кейіпкерді алып келген – Қожа Ахмет Ясауи. Ол көне түркілік поэ­зиялық жанрларды араб-парсылық жанр­лық түрлермен синтездей отырып, хикмет жанрының негізін салды. Оның өзегін со­пылық сарындар құрады. Ясауи негізін сал­ған хикмет жанрын ғасырлар бойы Орта Азия мен Анадолыдағы, Татарстан мен Кавказ жұр­тындағы жүздеген ақын жалғастырып, баға жетпес туындыларды дүниеге келтірді.
Әрине, Ясауиге дейінгі әдебиетте де со­пы­лық танымның аздаған сілемдері бар, бірақ олар тұлғаланған құбылысқа айна­лып үлгер­ме­ген еді. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білі­гі­нен», елеулі бөлігі Ясауи кезеңіне дейін туын­даған Қорқыт жыр­ларынан соны байқауға бо­лады. Ал Қашқари сөздігіндегі діни тақ­ы­рып­тағы өлеңдер сопылық сарынды таныта ал­майды. Осылардың ішінде Қорқыт жыр­ларының бастапқыда ауызша туындап, та­ралуы мен хатқа түсуінің арасында бірнеше ға­сырлық жол жатқанын, осы кез­еңде Қор­қыт жырлары мен Ясауи поэзиясын әсер ету, қа­тар даму және әсер алу құбылыстары жал­ғап жатқанын да есте тұтқанымыз абзал. Қо­рыта айтқанда, түркі халықтары жазба әде­биетіндегі сопылық поэзияның көшба­сында Қожа Ахмет Ясауи тұр. Ол түркі поэ­зия­сына көптеген жанрлық, көркемдік және құ­рылымдық жаңалық алып келді, түркі жаз­ба әдебиетіне арузды бастап орнық­тырды. Ол іргетасын қалаған мектеп орта ғасырларда Орта Азиядағы ең негізгі поэзиялық мектепке ай­налып, ол негіз­деген хикмет жанры түркі әде­биетіндегі діни поэзияның негізгі жанры ре­тінде қалыптасты. Осылайша, сопылық са­рын түркі әдебиетін көктей өтіп жатқан ке­мел құбылысқа айналды. 

– Бүгінгі ақындардың поэзия­сынан сопылық сарын байқала ма? Қазіргі діни өлеңдер дидактикаға бейім деген тұжы­рым­ға келісесіз бе? Мұның себебі неде?

– Терең тамырлы құбылыстардың ғұ­мы­ры қашанда ұзақ болады. Сопылық сарынның әде­биетімізге дендеп енгеніне тоғыз ғасырға жуық­тады. Ол жоғарыда сипатталғандай көркем де кемел, өршіл де сыршыл болмы­сы­мен біздің поэзия­мыздың мінезіне айналды. Заманнан заман озса да сол болмыс, сол мінез, сол сарын жарып шықпай тұрмайды. Сопы­лық сарын адамзат әдебиетімен, ислами поэ­­­­­зиямен және қазақ өлеңімен бірге жасай береді. 
2009 жылдары мен «Қазақ поэзия­сындағы мі­нәжат жанры: ежелгі поэзия мен қазіргі әде­биеттегі көрінісі» атты зерттеу жұмысын жа­саған едім. Ол «Қазіргі қазақ поэзиясындағы ежел­гі әдебиет дәстүрі» атты ұжымдық мо­нографияда жарияланған болатын. Осы зерт­теуде мен сол кезеңге дейінгі бірқатар қазақ ақын­дарының сопылық сарындағы мінәжат жырларына талдау жасап, Ясауиден желі тарт­қан алтын арқаудың ғасырлар бойы қа­лай, кімдер арқылы жалғасқанын сарала­ған­мын. Жыраулар поэзиясы, зар заман ақын­дары шығармашылығында, Абай, Шәкәрім, Мағжан туындыларында көрініс тапқан атал­мыш сарындарды зерделей келе, бертінгі Мұқағали Мақа­таев, Есенғали Раушанов, Дар­хан Қыдыр­әлі, Керім Елемес, Дәулетбек Бай­тұрсын­ұлы, Гүлнәр Шәмшиева сынды ақын­дар шығармашылығындағы мінәжаттарға сол туындыда талдау жасалған. 
Қазақ поэзиясы қазір де жауһардай жыр­ларға толы. Соның ішінде сопылық сарынның да үлес салмағы басым екеніне менің күмәнім жоқ. Тек оны қарапайым діни жырлардан ажы­рата білетін талғам қажет. Өз өлеңдеріме қатысты бір жайтты атап өту осы тұста орай­лы болып тұр. Шамамен 2006 жылдары менің ғы­лыми жетекшім, филология ғылымдары­ның докторы Т.Есембековтың маған: «Сіздің өлеңдеріңіздің 60-70 пайызы сопылық сарын­нан тұрады» дегені бар. Бұл мені таң­ғалдырды және осыдан кейін өз өлеңдеріме байыптап қарай бастадым. Дәл осындай пікірді сол кезеңде көрнекті ақын Есенғали Рау­шанов та білдірді: «Өзі ғашық болған Алла­ның нұр дидарын өлеңмен ғана емес, қара­сөзбен де жырлау – Айнұрдың өзі ойлап тап­қан жол» деген пікірі мен үшін тосын ой бол­ды. Өйткені адам ешқашан «осындай бір та­қырыпта жырлап тастайын» деп жыр­ла­майды, «менің поэзиямда мынадай сарындар бар» деп те айта алмайды. Менің түсінуімде өлең өзі келеді, өзі кетеді. Жазайын деп жаз­ған адамды мен ақын деп санамас едім. «Өлең­ді іздеп жүріп жазбаймын, өзі келген өлең­нің көңілін қалдырмай қағазға тү­сіремін» дегенім – Құдай ақы, менің шынайы болмысым. Өлең – сенің өзің, өлең – сенің міне­зің, өлең – сенің тағдырың, өлең – сенің бар болмысың. Ол – сенің таным-түсінігің, ол – сенің сөз саптауың, ол – сенің ойлау ерек­шелігің. Өз болмысымен үн қатып жүріп адам өзіндегі сарынды өзі аңғара бермейді. Мен де өзімде сопылық сарын бар екенін бағамдаған жоқпын. Өйткені мен солай сөйлеймін, солай ойлаймын, солай сезінемін. Бар болғаны сол...
Ал енді «Қазіргі діни өлеңдер дидак­тикаға бейім деген тұжырымға келісесіз бе?» деген сауа­лыңызға орай бірер сөз. Жалпы, дидак­тизм – түркілік поэзияның болмысында бар бір мінез. Түркішілдік теоретигі Зия Гөкалп­тың: «Әрбір халық әлемдік өркениетте белгілі бір жетістік­терімен орын алады. Түркілер мораль мәселесінде ерекше жетістікке жет­кен» деген пікірі осы тұста орайлы. Сол же­тіс­тігін түркі халықтары төл тарихында таң­балап, әдебиетінде кестелеп қалдырды. Ал моральдық құндылықтар дидактика­лық си­патта танытылуға бейім.
Діни поэзия дидактизмнен іргесін аулақ сала алмайды. Өйткені ол бір есептен ағар­ту­шылық, танымдық, тәрбие­л­ік бағыттағы поэ­зия болып та саналады. Ал оған сопылық сарын үстелсе, жоғарыда айтылғандай ли­ризм күшейеді. Сондықтан дидактизмді кем­шілік емес, қажеттілік, яғни діни поэзияның қос қанатының бірі деп қарағанымыз жөн.

– Бүгінгі ұрпақ ұлттық дүние­таным, салт-дәс­түр, әдет-ғұрып кеңіс­тігінен ал­шақ­тап барады деген ой басым. Қоғам­дық қабаттарда әртүрлі топ­тардың көз­қарасы өмір сүреді. Кейбір діни топтар кө­бінесе салт-дәстүрді жоққа шығаруға бейім кел­еді. Сіз салт-дәстүрді жоққа шы­ғара­тын діни уағызшылардың іс-әрекет­терін өткір сынадыңыз. Нақты ой­ларыңызды ғылыми тұрғыдан терең зерделеп, бірнеше көлемді мақала жаз­дыңыз. Дегенмен қазір әлеуметтік желі­лер­де уағызшылардың ұлттық танымға қар­сы пікірлері жиі кезде­седі. Бұл имам-уа­ғызшылардың сауат­сыздығының сал­дары ма, әлде басқа да себептері бар ма?

– «Діни уағызшылар» деген тіркес тек дәс­түрлі емес діни ағым өкілдеріне қатысты қол­данылады. Олар «имам» деп саналмайды, өйт­кені барлық имамдар тек Қазақстан мұ­сылмандары діни басқар­масы Төрағасының бұйрығымен ресми түрде тағайындалады және сол басқар­маның қарамағында жұмыс істейді. Олар аяқталған орта немесе жоғары діни білімі бар тұлғалардан ғана тағайын­да­лады, арнайы аттестациядан өтеді, «Дін қыз­меткерінің шариғи мінез-құлық ереже­леріне» сәй­кес жұмыс істейді. Кезең-кезеңімен білім жетілдіру курстарынан өтеді және олардың елеулі бөлігі бел­гіленген тәртіпте ротация арқылы ауысып тағайындалып отырады. 
Қазір әлеуметтік желілерде уағыз­шы­лар­дың ұлттық танымға қарсы пікірлері жиі кез­десіп жатқан болса, демек олар сол баяғы біз сынаған дәстүрлі емес діни ағымдардың өкіл­дері деген сөз. Оларға қатысты «сауат­ты­лық» деген ұғымды қолданудың өзі күмәнді, өйткені олардың танымал серкелері болмаса, қарапайым ұстанушыларының аяқталған діни білімі барлары жоқтың қасы. Ал белгілі уағызшылары, олар, әрине, өз мүддесіне тиім­ді сөздерді ғана айтады және барлық іс-әре­кеттерін сол мақсатқа ғана құрады. Бұрын да сан рет айтқанымыздай, оларда «ұлт» деген ұғым да, құндылық та жоқ, сондықтан ұлттың ұстынын күйрететін ұстанымдар олар үшін оңтайлы. Мұндай әрекеттер ұлт бірлігіне, қоғам тұрақты­лығына, мемлекет тұтастығына қашанда қауіп төндіреді. 

– Діни уағыз айтатындардың көбі пәнаралық ғылымдардан мақұрым екені жасырын емес. Олардың тек діни ілім­мен шектелетінін байқай­мыз. Осы уа­ғыз­шылар корпусын арнайы лицензия ар­қылы жасақтау керек деген байлам да жиі естіле бас­тады. Бұл пікірді қолдайсыз ба? Уа­ғыз­шыларды іріктеу «сенім бостан­ды­ғына» шектеу қоймай ма?

– Тағы да қайталап өту қажет, «уағыз­шы» де­ген ұғым тек дәстүрлі емес дін өкілдеріне қа­тысты қолданылады. Ал олардың заң бойын­ша діни уағыз айтуға құқығы жоқ, сон­дықтан оларды іріктеудің мүмкіндігі жоқ. Ислам бағытындағы діни уағызды жоғарыда айтылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы тағайындалған мамандары – имамдар ғана айта алады. Сол секілді өзге дін өкілдерінің де тек ресми тір­келген діни бірлестіктерінің арнайы бұйрық­пен тағайындалған қызметкерлерінің ғана діни уағыз айтуға құқығы бар. Бір сөзбен айт­қанда, бейберекет уағызшылық әрекет­тердің барлығы заң бұзушылық болып сана­ла­ды және оларды бақылау құқық қорғау ор­гандарының құзырына берілген. Заңсыз әре­кет болғандықтан оларға қатысты «лицен­зиялау» ұғымы қолдан­ылмайды. Ал ресми тіркелген діни бірлестік өкілдері жоғарыда айтылған өзіндік тәртіппен әрекет ететін­дік­тен, олардың іс-әрекеті лицензияланатын қыз­мет түріне жатпайды. Айтпақшы, бұрын­ғы «Лицензиялау туралы» заң да күшін жой­ған, қазір оның орнына «Рұқсаттар және ха­бар­ламалар туралы» заң жаңа редак­циясымен қол­данылуда. Бұл да бірқатар нормаларды қай­та қарауға себеп бол-
ды.

– Біз зайырлы мемлекетпіз дегенді жиі айтамыз. «Зайырлылық» дегеніміз не? Жас ұрпаққа зайырлылық қағида­тын қалай сіңірген дұрыс? Өз сенімін тық­па­ла­майтын, өзгенің сеніміне құр­метпен қа­райтын, өзгенің діни көз­қарасын күс­таламайтын, «менің дінім, менің жолым, ме­нің ақидам ғана дұрыс» деген сыңар­жақтылықа ұрынбайтын қоғамдық орта қалып­тасуы үшін «зайырлылық» ұғымын ха­­лыққа түсінікті тілде сіңірудің тиім­­ді жолы бар ма?

– «Зайырлылық – біздің таңдауымыз емес, тағдырымыз» деп мен үнемі айтамын. Тарихи тағ­дырымыз бізді жүз ұлттың баласын бауыр­ға басып, сан түрлі сенім өкілін бір шаңырақ ас­тында біріктіруге мәжбүр етті. Кешегі тағ­дыр – бүгінгі күннің шындығы. Осындай та­ғылымды әрі тауқыметті тағдыр нәсіп бол­ған соң біз осы тарихи міндетті абырой­мен атқаруға ұлт ретінде де, мемлекет ретінде тырысып келеміз. Тарих дөңгелегі кері айнал­мақ емес: өткенді оралтып, бір ұлтты, бір дінді мемлекет болу дәурені бізге енді қайта кел­мейді. Сондықтан өгіз де өлмейтін, арба да сын­байтын тығырық­тан шығар жол – біз үшін тек зайырлылық қана. 
«Зайырлылық» деген ұғым мемлекетте ешбір діннің, сонымен қатар дінсіздіктің де үстем болып саналмайтынын, барлық аза­мат­тар­дың сенім және дүниетаным мәселесінде құ­қығы тең екенін білдіреді. Бірақ бұл қалаға­ның­ды жасап, биліксіз бетімен кету деген сөз емес. Зайырлы мемлекет азаматы өз сенімін ұс­тануға немесе ешқандай сенімді ұстанбауға құ­қылы; бірақ ол барлық дін өкілдеріне құр­метпен қарауға, өз дінін өзге діндерден жо­ғары қоймауға,  өзге дін өкілдерінің діни се­ні­мін қорламауға міндетті. «Менікі ғана дұ­рыс, өзгелер адасып жүр» деген пікір зайыр­лы­лықтың ғана емес, барлық әлемдік және дәс­түрлі діндердің құнды­лықтарына да қай­шы келеді. Зайырлы мемлекеттегі басқару жүйе­сі дінге емес, құқықтық нормаларға не­гіз­деледі және құқықты сақтау арқылы аза­маттардың сенім мәселесінде де өзара тең болуына жағдай жасалады. Пікірлер мен дү­ние-
т­анымдардың әралуандығына жол бер­і­леді, бірақ шектен шықпау және өзгелердің құқығын бұзбау талап етіледі. 
Мемлекет – зайырлы, бірақ қоғам қа­шан­да гетерогенді, яғни әртекті. Діни сенім бос­тан­дығы – сол әртекті қоғам өкілдерінің бей­біт қатар өмір сүруі үшін қажетті шарт. Әр адам­­ға өз сенімі, өз құ­қығы қымбат. Оны қам­тамасыз ете алатын мемлекет тұрпаты әзір­ге тек зайырлылық қана. «Демократияның да оңып тұрғаны шамалы, бірақ адамзат қо­ғамы әзірге одан артық ештеңе ойлап тапқан жоқ» деген У.Черчиллдің сөзі бар ғой. Сол се­кілді зайырлылықты да кемел мемлекет си­паты демей-ақ қояйық, бірақ біз үшін одан оң­тайлы мемлекет тұрпаты әзірге жоқ. Зайыр­лылықтың ең түсінікті қағидаты 
сол – өз құқы­ғыңды сақта, бірақ өзгенің де құқығын қор­лама.

– Қазір балаларды әлеуметтік плат­­формалар тәрбиелеп жатыр. Бала таны­мын қалыптастыруда ата-ана неге мән бергені жөн? Балаларды «руха­ни аштық­тан» қалай қорғаймыз?

– «Әлімсақтан ақырзаманға дейін тәр­биенің екі-ақ тетігі бар: білім және еңбек» де­генді мен жиі айтамын. Осы екеуін өз дең­гейінде қамти білген толымды тәр-
бие – ру­хани аштыққа ұрындырмайтын сенімді құ­рал. Әлеуметтік платформалар қанша әсерлі бол­са да, ата-ана берген тәрбиенің тінін тү­бе­гейлі бұза алмайды. Әрине, егер ол тәрбие жүйелі, ықпалды болса. Ал тәрбие ықпалды болуы үшін сол баяғыда айтқанымыздай, ата-ана өз тұлғасымен үлгі бола білуі қажет. Тәр­бие деген отыра қалып ақыл айту емес. Ол ең алдымен сенің болмысың арқылы беріледі. Ба­ла көргенінен көбірек өнеге алады. «Ба­лаңызды тәрбиелеп әуре болмаңыз – ол бәрі­бір өзіңізге тартады» деген сөздің де жаны бар.
Ата-анасының оқып-тоқып, тынымсыз еңбектеніп жүргенін көрген бала кішкен­тайын­да бірінші соған еліктейді. Дәл сол кезден бала тәрбиесін бейберекет жібермей, бірден кітап оқуға, қарапайым үй шаруасынан бастап, еңбек етуге тоқтаусыз баули бастау ке­рек. Сәл есейіп, буыны қатып, қалып алып кетсе, баланың тәрбиеге илігуі қиын болады. Ал кіш­кентайынан мол қимылдап, білім ізде­ніп, өнімді әрекет етіп үйренген бала есей­генде де осы қалыбынан айнымай, қозғалысқа, із­деніске бейім болады. 
Рас, әлеуметтік желілер балаларға, әсіресе, жасөспірім шағында қаттырақ әсер етеді. Осы тұста ата-ана да бала тәрбие­сіне көбірек көңіл бөлуі қажет. Жалпы, жас ерекшеліктері пси­хология­сына сәйкес жас баладан гөрі жасөспірім шақтағылар бірнеше есе көп на­зар аударуды талап етеді. Тәрбие үдері­сіндегі ең қиын кезең – осы шақ. 
Осындай сындарлы шақта ата-ана балаға түсіністікпен де қарауы керек, бірақ нақты талаптар да қоя білуі керек. Қазақтың «бағып-қағу» деген тамаша тіркесі тәрбиенің ең өзек­ті екі қырын терең танытады. Баланы асыра, бақ, ішіндір-киіндір, білім бер, еңбекке баулы – мұның бәрі бағу. Ал қажет жерінде тоқтау са­лып, тыя біл, талап 
қой – мұның аты қағу. «Қағу көрмей қарсы өскен қалқатайлардан» ата-ананың көре­сісі көп болады. «Нашар тәрбие – болашақ­тағы қайғыңыз» деген Абай сөзі осыны меңзейді. Ең бастысы – бала ата-анасының қандай қиын кезеңде де өзін қол­дайты­нын, оларға сүйенуге, сенуге болатынын сезіне алса болғаны. Қалған қарым-қатынас­тар бірте-бірте, баласының есеюі­мен қатар реттеледі. 
Осы орайда бір нәрсені назарға салу қа­жет – қазақта бала тәрбиесіне қатысты «өт­пелі кезең» деген ұғым болмаған. Керісінше, «Он үште – отау иесі» деп, бүгінде өтпелі ке­зең­де деп саналатын жасөспірімге үлкен жауап­кершілік жүктеген, онымен сырласқан, ақыл­дасқан, сүйенген. Солайша, дұрыс бағ­дар­мен есеюіне серпін берген және ата-ана ре­тінде өзінің де жүгін жеңілдеткен. «Бала өзің­мен бірге өседі» деген сөздің үлкен мәні бар екені осындайда ашыла түседі.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! 

Әңгімелескен – 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ