Адам капиталы: құжаттағы өмірдің көлеңкесі

Бүгін, 15:45 / Арайлым Жолдасбекқызы

Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының арасындағы 8-9 жыл­ға созылған алшақтық (ерлерде ша­мамен 70,2 жас, әйелдерде 79,2 жас) та қо­ғамның ішкі теңсіздігі мен терең дағ­да­рысын әшкерелеп тұр. Бұл демог­ра­фия­лық теңгерімсіздіктің артында жас ер азамат­тар­ды жаппай қыршынынан қиып жатқан жарақаттанудың жоғары деңгейі мен түр­лі «сыртқы себептерден» болатын өлім-жітім қатері тұр. Басқаша айтқанда, нағыз күш-қуаты тасыған, елдің тірегі болар аза­маттарымыз өндірістегі апаттардан, жол трагедияларынан және өзге де кез­дейсоқ қауіптерден ерте көз жұмады. 
Біздегі денсаулық сақтау жүйесі ау­ру­дың алдын алуға емес, оның салдарымен кү­ресуге бағытталған. МӘМС рефор­ма­лары­ның институционалдық сәтсіздігі ме­дицинаны бизнеске айналдырып, ха­лықтың әлеуметтік осал топтарын шет­тетті. Нәтижесінде, адам дамуының ин­дек­сіндегі «Денсаулық» компоненті елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуын алға сүй­рейтін драйвер емес, оны артқа тар­татын басты жүйелі тежегішке айналып отыр.

БҰҰ-ның Даму бағдарламасының соңғы жаһандық есептеріне сүйенсек, Қазақстанның «Адам дамуының индексі» 1990 жылғы 0,689 көрсеткішінен 2023-2025 жылдар аралығында 0,837-0,838 дең­гейіне дейін өсті. 15 жылдық ретрос­пективада (2010 жылдан бері) ел индекс мәнін 0,760-тан 0,830+ шегіне көтеріп, жаһан­дық жіктелім бойынша «Адам дамуының индексі» санатына нық ор­нық­ты. Бұл – ТМД мен Орталық Азия елдері ара­сында ең үздік нәтиже. Дегенмен бұл прогрестің ішкі құрылымына талдау жаса­ған­да, маңызды қайшылық пен теңгерім­сіз­дік байқалады. Енді соларды талдап көр­сек.

Дені саудың – жаны сау

Қазақстанда туғаннан бастап күті­летін өмір сүру ұзақтығы шамамен 74,5-75 жасты құрайды. Мемлекетіміз өзімен дең­гейлес «Адам дамуының индексі» то­бын­дағы ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсет­кі­шінен (80-82 жас) 6-7 жылға артта қалып отыр. Мұндағы басты қайшылық – эко­номикалық табысымыздың (МӘМС ре­фор­маларының шикілігі, ауылдық ме­ди­цинаның дағдарысы) сәтсіз жұмсалуы бол­ды. Бұл құбылыс ғылымда «кон­вер­тация­лық дефицит» деп аталады. Яғни, мемлекет шикізаттық рента есебінен ЖІӨ кө­лемін ұлғайтқанымен, оны азамат­тар­дың денсаулығы мен ұзақ өмір сүруі сияқ­ты базалық әлеуметтік игілікке айналдыра алмай отыр. Жоғарыда атаған МӘМС мәсе­лесін түсіндіре кетсек. 2020 жылдан бастап енгізілген МӘМС жүйесі күтілетін өмір сүру ұзақтығының сапалы өсіміне басты драйвер болуға тиіс еді. Алайда оның модельдік қателіктері салаға кері әсерін тигізді. Халықтың шамамен 12-15 пайызы (негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, маргиналды топтар және бейресми сектор қызметкерлері) жүйеден тыс қалып, амбулаториялық-емханалық көмекке қол жеткізе алмайды. Бұл ауру­ларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігін шектейді. МӘМС қорының қаражаты тиімсіз жұмсалуы кесірінен алғашқы ме­дициналық-санитарлық көмекті дамытуға емес, қымбат тұратын стационарлық қыз­меттер мен бюрократиялық аппаратты ұстауға жұмсалады. Сонымен қатар меди­ци­налық сақтандыру бар болса да, халық­тың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарының үлесі (дәрі-дәрмек, жеке клиникалар) 30-35 пайыздан түспей тұр. ЭЫДҰ-да бұл көрсеткіш 15 пайыздан ас­пай­ды. Бұл жағдайы төмен отбасылардың медициналық көмектен бас тартуына немесе оны кейінге қалдыруына әкеледі. 
Қазақстандағы өлім-жітім көрсет­кіш­тері біздің әлі де дамушы нарықтардың ши­­­кілігінен арыла алмай жатқанымызды әш­кере­лейді. Бұл жағдай адам капи­та­л­ы­ның дамуын екі жақтан бірдей қыспаққа алып, ұлт әлеуетін тұсауда. Мәселен, елі­мізде әрбір төртінші өлімнің себебі –  ин­сульт пен инфаркт сияқты жүрек-қан та­мырлары аурулары. Ең қауіптісі –  бұл дерт­тің қарттарды емес, 30 бен 50 жас ара­лығындағы нағыз күш-қуаты толысқан ер-азаматтарды баудай түсіруі. Мемлекет үшін бұл жай ғана статистика емес, ең құн­ды экономикалық драйверден, адами ка­питалдан айырылу деген сөз. 
Еліміздегі өлім-жітім рейтингінің екін­ші және үшінші сатысында қатерлі ісік пен тыныс алу жолдарының сырқат­тары тұр. Көмір күліне тұншыққан қала­лар­дың қою ысы мен өндіріс алыптары ула­ған қоршаған орта халықты іштен ке­міріп жатыр. 
Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының арасындағы 8-9 жыл­ға созылған алшақтық (ерлерде ша­мамен 70,2 жас, әйелдерде 79,2 жас) та қо­ғамның ішкі теңсіздігі мен терең дағ­да­рысын әшкерелеп тұр. Бұл демог­ра­фия­лық теңгерімсіздіктің артында жас ер азамат­тар­ды жаппай қыршынынан қиып жатқан жарақаттанудың жоғары деңгейі мен түр­лі «сыртқы себептерден» болатын өлім-жітім қатері тұр. Басқаша айтқанда, нағыз күш-қуаты тасыған, елдің тірегі болар аза­маттарымыз өндірістегі апаттардан, жол трагедияларынан және өзге де кез­дейсоқ қауіптерден ерте көз жұмады.
Біздегі денсаулық сақтау жүйесі ау­ру­дың алдын алуға емес, оның салдарымен кү­ресуге бағытталған. МӘМС рефор­ма­лары­ның институционалдық сәтсіздігі ме­дицинаны бизнеске айналдырып, ха­лықтың әлеуметтік осал топтарын шет­тетті. Нәтижесінде, адам дамуының ин­дек­сіндегі «Денсаулық» компоненті елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуын алға сүй­рейтін драйвер емес, оны артқа тар­татын басты жүйелі тежегішке айналып отыр.

Білімді мыңды жығар

Білім беру индексінің құрылымында Қазақстанның «Адам дамуының индексі» тобында болуы сандық көрсет­кіштердің жоғарылығымен байланысты болып отыр. Атап айтқанда, күтілетін оқу жы­лының ұзақ­тығы (15,6 жыл) мен ха­лық­тың жал­пы сауаттылығы (99.8 пайыз) бойынша ел жаһандық көшбасшылармен деңгейлес. Алайда ЭЫДҰ жүргізетін PISA халы­қара­лық зерттеуінің нәтижелері мүлдем басқа шын­дықтың бетін ашады. Ол бойынша қа­зақстандық оқушылар математика, жа­ратылыстану және оқу сауаттылығы ба­ғыт­тары бойынша ЭЫДҰ елдерінің орта­ша көрсеткішінен 50-70 ұпайға артта қа­лып келеді.
Эконометрикалық тілмен айтқанда, PISA-дағы 40 ұпай айырмашылық бір жыл­дық толыққанды оқу бағдарламасының шығынына тең. Демек, бізде оқушылар мектепті 11 немесе 12 жыл оқығанымен, оның нақты функционалдық білім деңгейі дамыған елдердің 9-10 сынып оқушы­сы­мен пара-пар. 
Бұл парадокстың жүйелі себептеріне үңілсек. Мамандар біздегі білім беру мазмұны сыни ойлау, логикалық тал­дау, мәтінді түсінуін дамытуға емес, фак­тілерді механикалық түрде есте сақтауға және тест тапсыруға (ҰБТ форматының инерциясы) бағытталғанын айтады. 
PISA деректеріне жіті назар аударсақ, ауыл мен қала мектептері арасындағы цифрлық және инфрақұрылымдық алшақтықты байқаймыз. Ауыл оқушылары мен қала оқушыларының PISA нәти­же­лерін­дегі айырмашылық орта есеппен 30-40 ұпайды құрайды (бұл бір жылдық оқу бағдарламасы). Мұндай теңсіздіктің не­гізінде «шағын жинақты мектептердің» (ауылдық мектептердің 40 пайыздан астамы) үлесі жоғары. Онда бір мұғалімнің бірнеше пәнді қатар беруі, зертханалардың (физика, химия, биология) жоқтығы, бар болса да тозығы жетуі жатыр. Мемлекет тара­пынан қаржыландырудың жан басы­на шаққандағы нормативі енгізілгенімен, ол ауылдық жерлердегі инфрақұрылымдық тапшылықты жоя алмады. 
Парадокстың екінші себебі – элитар­лық, жекеменшік және мемлекеттік мек­тептердің оқу сапасының алшақтығы. Қа­зақстанда білім берудің үш деңгейлі кас­талық жүйесі қалыптасқан. Біріншісі –  халықаралық және элитарлық мек­тептер (НЗМ, РФММ, қымбат жекеменшік мек­тептер). Мұнда оқитын оқушылардың нә­тижелері ЭЫДҰ-ның ең жоғары көрсет­кіш­терімен (Сингапур, Жапония) деңгей­лес. Екіншісі – қалалық жалпы білім бе­ре­тін мектептер. Оларда шамадан тыс жүк­­теме көп, үш ауысымды мектептер мә­селесі шешілмеген, орташа нәтиже көр­сететін деңгей. Үшіншісі – ауылдық және қала шетіндегі мектептер. Мұнда функ­ционалдық сауатсыздықтың деңгейі жо­ғары. Оқушы әріп танып, оқи және жаза біл­генімен, оқыған мәтінінің мағынасын тү­сіне алмайтын, ақпаратты талдай ал­май­­тын және оны күнделікті өмірде қол­дана алмайды деген сөз. 
Сарапшылар «білім сапасындағы мұн­дай теңсіздік елдің болашақ эконо­ми­ка­лық архитектурасын бұзатын бомбамен тең» дейді. Білім сапасының ата-ананың та­бысы мен тұратын жеріне тікелей тәуел­ді болуы әлеуметтік әділетсіздікті кү­шей­теді. Кедей отбасынан шыққан дарынды баланың сапалы білім алу мүмкіндігі тө­мен. Ал сапалы білім алған элитарлық топ өкілдері отандық еңбек нарығындағы төмен институционалдық сапа мен әді­летсіздікті көріп, елден жаппай кетіп жа­тыр. Олардың орнын толтыруға тиіс мем­лекеттік мектеп түлектері жоғары тех­нологиялық өндірісте еңбек етуге жа­рамсыз. Оның үстіне Қазақстан эко­но­ми­касы шикізаттық модельден тех­но­ло­гия­лық немесе білім экономикасына өте ал­майды, себебі жұмыс күшінің басым бөлігі (60 пайыздан астамы) күрделі тех­но­ло­гия­лық процестерді игеруге, сыни тұр­ғы­дан шешім қабылдауға қабілетсіз болып отыр. Бұл өнімділікті төмендетіп, арзан еңбек күшінің тұзағына түсіреді. 
Тағы бір себебі – маман сапасы. Мұ­ға­лім­дер мәртебесін көтеру туралы заң қабылданып, жалақы өскенімен, бұл шара кадрлардың сапалық құрамын өз­герткен жоқ. Ұзақ жыл бойы педагогика­лық мамандықтарға ең төменгі балл жи­наған талапкерлердің оқуға түсуі кадр са­пасының нашарлауына алып келді. Сон­дай-ақ мектептердің есеп беруге, үнемі өз­геретін реформаларға (жаңартылған маз­мұн, критериалды бағалаудың шикі үлгілері) «бейімделуі» мұғалімнің оқушы­мен тікелей жұмыс істейтін уақытын ұрлайды.
Білім беру индексіндегі жоғары ұпай­лар елдегі шынайы адам капита­лы­ның сапасын жасырып тұрған статистикалық камуфляж десек, қателеспеспіз. Мем­ле­кет­тің білімге бөлген қаржысы мен инф­ра­құры­лымдық жобалары тек мектеп тұр­ғызумен шектеліп, мазмұндық әрі кадрлық транс­формацияға ұласпаса, Қазақстанның адам дамуының индексі алдағы онжыл­дықта тек сапасыз жұмыс күшін өндіретін инер­ция­лық жүйеге айналады.

Болашаққа болжам

Қазақстанның адам капиталын да­мыту саясаты қағаз жүзінде мінсіз болға­ны­мен, шынайы өмірде басқа екенін байқадық. 
Кейінгі онжылдықта қабылданған адам капиталын дамытуға бағытталған бағ­дарламалар толыққанды нәтиже бере қоймады. Мемлекеттік жобалар адам ка­питалының сапалық мазмұнын (мұғалім­дер­дің біліктілігі, дәрігерлердің превен­тивті құзыреттілігі, ғылыми зерттеулердің қолданбалы мәні) дамытудың орнына, инвестицияларды физикалық нысан­дар­ды (мектеп, аурухана ғимараттарын) са­луға бағыттауды жөн көреді. Нәтижесінде, ең заманауи интерактивті тақтасы бар ауыл мектебінде PISA деңгейі төмен, функ­ционалдық сауатсыз кадрлар сабақ беруін жал­ғастыруда.
Еліміздегі адами капиталдың та­мыры­на балта шауып отырған бас­ты кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық пен бюджетті «игеру» парадигмасы. Біздегі қар­жыландыру жүйесі мектеп пен ауру­ха­наның сапасына  емес, құрғақ есеп беру про­цесіне байланып қалған. Шенеуніктер үшін ең басты көрсеткіш – мемлекет бөл­ген миллиардтарды қалай да мерзімінде «жа­ратып үлгеру». Дәл осы «ақша игеру» жа­рысы мемлекет қазынасының мерді­гер­лер арасында талан-таражға түсуіне жол ашып, халыққа арналған әлеуметтік ны­сандардың сапасыз салынуына әкеліп соқ­тыруда.
Министрліктер есеп беруде тек «ор­та­ша көрсеткіштердің» (мысалы, республика бойынша орташа жалақы немесе орташа өмір сүру ұзақтығы) тасасына тығылып, өңір­лік және таптық теңсіздіктердің шы­найы сипатын жасырып бағады. Мұндай «орташаланған статистика» елдегі әлеу­мет­тік жіктелу мен дағдарысты кө­ле­гейлейтін камуфляж іспетті. Нәтижесінде, жоғары билік халықтың нақты тұр­мы­сы­нан алшақтап, мемлекеттік деңгейде қате ше­шімдер қабылдайды. 
Біз атаған мәселелер өзгеріссіз қал­ған жағдайда Қазақстан «Адам да­муының индексінде» қазіргі 60-орыннан төмен құлдырап, әлемдік рейтингте 80-90-орындарға артқа сырғуы ықтимал. Ал сапалы білім мен медицина тек жоғары тап өкілдеріне қолжетімді болып, мем­лекеттік мектептер мен емханалар дағ­дарысқа ұшырайды. Адами капиталдың сапасыздығы шикізаттық емес сектор­лар­дың дамуын тежейді. Елдегі ең белсенді, креативті және интеллектуалды жастар елден жаппай көшеді. 
Шикізат суперциклінің түпкілікті аяқталуы немесе трансшекаралық су дағ­дарысының тұйыққа тірелуі аясында Қазақстан қазіргі «өте жоғары» мәр­те­бесі­нен айрылып, даму деңгейі төмен мем­ле­кеттердің қатарына бір-ақ шыға­ды. Эко­логиялық апаттар мен медицина­лық жүйенің тиімсіздігі халықтың ден­сау­лы­ғын зақымдап, елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 70 жастан төмен түседі.
Базалық өмір сүруді қамтамасыз ете­тін инфрақұрылымның (ЖЭО, су құ­быр­лары, коммуналдық жүйелер) тозуы мега­полистер мен өңірлердегі тұрмыстық жағ­дайды қиындатады. Қазақстан «ши­кі­заттық тәуелділіктен» құтылып, адам ка­пи­талын трансформациялау үшін әлемдік тәжірибелерге назар аударуға тиіс. 
1960-1970 жылдары Оңтүстік Корея еш­қандай табиғи ресурссыз, тек адам ка­питалына «ставка» жасау арқылы «Хангаң өзені бойындағы ғажайыпты» жасады. Мем­лекет білім беруді жай ғана әлеуметтік сала емес, басты экономикалық драйвер деп жариялады. Қазақстан осы жағдайды өз тәжірибесіне енгізіп, мектеп білімінің мазмұнын жаттандылықтан таза функ­цио­­налдық сауаттылыққа, STEM (ғылым, тех­нология, инженерия, математика) бағы­тына көшіріп, кәсіптік-техникалық колледждерді өндірістік алпауыттармен тіке­лей интеграциялау керек. 
Тағы бір тәжірибе ретінде Польша мен Че­хиядағы институцияоналдық коверген­ция­ны үлгі қылуға болады. Бұл елдер пост­кеңестік трансформациядан кейін ЭЫДҰ және ЕО стандарттарына қол жет­кізу үшін мемлекеттік басқарудың ашық­ты­ғын қамтамасыз етіп, сот жүйесін ре­формалады және әлеуметтік шығын­дар­дың тиімділігін арттырды. Қазақстан осы ретте өңірлердегі мектептер мен ауруха­на­ларды қаржыландыру құқығын жер­гілікті қауымдастықтардың бақылауына бе­ріп, әлеуметтік саланың цифрлық ау­дитін, әрбір теңгенің нақты пациент пен оқушыға жетуін ашық деректер форма­тында қамтамасыз етсе, адам капиталы­ның индексі жақсара түседі деп болжауға болады.
Түйіндей айтқанда, Қазақстанның адам капиталын дамыту жолын­дағы бас­ты қатері сыртқы факторлар емес, мемлекеттік аппараттың селқостығы мен реформаларды көз бояушылыққа айналдыруы. Егер алдағы 10 жылда ден­саулық сақтау, білім беру және табысты әділ бөлу бағыттары бойынша түбегейлі инс­титуционалдық сілкініс жасалмаса, ел өзінің соңғы демографиялық дивидентін сарқып тауысады. Нәтижесінде, Қазақстан жаһандық нарықтың дамымаған, ши­кізатқа тәуелді артта қалған шеткі аймағы күйінде қала бермек.