Саяси жүйелердің эволюциясы – бұл тек заңдардың жаңаруы немесе институттардың ауысуы емес, бұл ең алдымен мемлекет пен оның азаматы арасындағы қарым-қатынас формуласының қайта қаралуы. Ұзақ уақыт бойы біздің санамызда мемлекеттік аппарат – абсолютті басқарушы, ал қоғам – тек сол басқарудың объектісі ретінде қабылданып келді. Осы ескірген парадигманың салдарынан кез келген азаматтық белсенділік немесе балама пікір билік дәліздерінде «жүйеге төнген қауіп» ретінде қабылданса, қоғам тарапынан мемлекеттің әрбір қадамына күмәнмен қарау, шенеуніктерді тек «бюджетті игерушілер» ретінде көру үрдісі қалыптасты. Бұл – екі тарапты да тұйыққа тірейтін, мемлекеттің ішкі потенциалын тұсаулайтын қауіпті дихотомия.
Алайда XXI ғасырдың шындығы мүлдем басқа ережелерді алға тартады. Қазіргі әлемде қуатты мемлекет – барлық процесті бір орталықтан бақылауда ұстайтын авторитарлы құрылым емес, бұл өз азаматтарының интеллектуалдық, әлеуметтік және шығармашылық капиталын дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналдыра білген мемлекет. Бүгінде азаматтық қоғам биліктің бәсекелесі немесе оппоненті саналмайды. Ол – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын, әлеуметтік шиеленістердің алдын алатын және ұлттық тұтастықты нығайтатын басты стратегиялық серіктес.
Тарих таразысына салсақ, мемлекет пен қоғамның текетіресі әрдайым мемлекеттің әлсіреуімен және ішкі дағдарыстармен аяқталатын. Біз бұрын «азаматтық қоғам» дегенде тек оппозициялық митингілерді немесе билікті аяусыз сынайтын құқық қорғаушыларды ғана көз алдымызға келтіретінбіз. Бұл – біржақтылық пен саяси көрегендіктің тарлығынан туған түсінік. Шын мәнінде, азаматтық сектордың ауқымы әлдеқайда кең және оның табиғаты деструктивті емес, конструктивті.
Иә, мемлекеттік аппарат қаншалықты кәсіби болғанымен, ол бәрібір бюрократиялық шеңбермен, қатып қалған регламенттермен шектеледі. Ал азаматтық қоғам – икемді, мобильді және мәселеге тікелей әсер етуге қабілетті тірі ағза. Сондықтан биліктің осы секторға өкілеттіктер мен жауапкершілікті бөліп беруі – саяси кемелдіктің және мемлекеттік басқарудың келесі деңгейіне өтудің көрінісі.
Мемлекет пен қоғам қарым-қатынасына басқа қырынан қарап көрейік. Кез келген ірі басқару жүйесі, тіпті ол ең озық технологиялармен жарақтанса да, уақыт өте келе «жүйелік соқырлыққа» ұшырайды. Жоғары лауазымды тұлғаларға жететін есептер мен рапорттар әдеміленіп, шынайы өмірден алшақтап кетеді. Міне, осы тұста азаматтық қоғам мемлекет үшін өзіндік «түзетуші линза» рөлін атқарады. Ол билікке шынайы картинаны көруге мүмкіндік береді.
Егер белсенділер қандай да бір мәселені көтеріп, шу шығарса, бұл мемлекетті тұралату үшін жасалмайды. Бұл – жүйедегі ақаудың, заңның дұрыс жұмыс істемей тұрғанының немесе жергілікті атқарушы органның дәрменсіздігінің белгісі. Ақылды билік мұндай сигналдардан сескенбейді, керісінше, оны тегін әрі нақты диагностика ретінде қабылдап, мәселені тереңдетпей шешуге тырысады.
Осыдан келіп азаматтық қоғамды мемлекеттік қауіпсіздіктің ішкі буфері деуге болады. Әлеуметтік наразылықтар мен ішкі реніштер сыртқа шықпай, қоғамдық ұйымдар немесе заңды диалог алаңдары арқылы талқыланбаса, олар ерте ме, кеш пе әлеуметтік жарылысқа әкеледі. Азаматтық сектор – осы энергияны конструктивті арнаға бұрып, мәселені көшеде емес, үстел басында шешуге мүмкіндік беретін негізгі институт.
Әрине, бұл процесс біржақты емес. Тек мемлекетті кінәлай беру – азаматтық қоғамның да кәсіби деңгейінің төмендігін көрсетеді. Біздің қоғамда әлі де болса «айқай-шу» мен «нақты ұсыныстың» аражігін ажырата алмайтын, белсенділікті тек популизммен шатастыратын топтар бар. Сыни көзқарас міндетті түрде балама шешіммен, нақты жобамен бекітілуге тиіс.
Мемлекет пен азаматтық қоғам серіктестігінің жаңа сапалық деңгейі – өзара жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Мемлекет азаматтарға сенім білдіріп, шешім қабылдау процестерінің есігін айқара ашуы керек, ал азаматтық сектор сол шешімдердің салдары мен жауапкершілігін билікпен бірдей бөлісуге дайын болуы қажет. Бұл – популизмнен нақты істер мен нәтижелерге көшу деген сөз.
А.БИМЕНДІ