Маралтайдың мазасыз маусымы

Бүгін, 15:15 / Túrkіstan IPW

Орыстың өмірден тым жас кеткен қыршын ақыны Дмитрий Веневитинов (1805-1827) небәрі 21-ақ жыл ғұмыр кешкен. Ол бүгінгі кейіпкеріміз Маралтайдың жерлес-туыс ағасы Артығали Ыбыраевпен (1953-1974), Өтежанұлы Саят  ақынмен жасты. Үшеуінің де артында 40-50 ғана өлең қалды. Ал Дмитрийден мүшел жас кіші гүржін шайыры Николаз Бараташвили (1817-1845) біздің Сұлтанмахмұтпен (1893-1920) түйдей құрдас, яки 27 жас жасаған. Николаз бар болғаны 40 өлең, бір шағын поэма қалдырса, Торайғыров мұрасы қисапсыз деуге тұражақ. Ол аз ғана ғұмырында 100 қаралы лирикалық өлең, бес поэма, екі роман, басқа да публицистикалық шығармалар тудырған. Сөйте тұра, дүниеден өтерінде: «Тағы бір бес жыл ғұмыр бере гөр!» деп Алла-Тағалаға жабарыныпты. Хас ақындардың жүрек ымбалы, табиғи сезімталдығы «томарбас торы шобырлардан» бөлек болатыны жайлы сан қилы аңызға айырбастағысыз кептер бар. Қадырдың «Жазмышын» парақтасаң да қаншама мысалына ұшырасасың. Біздікі «Жазмышта» жазылмаған жайлар. 

Бірде жас (алты жас кіші) Веневи­ти­нов­тің өлеңдерін оқып отырып, даңқ­тың құзарына шырқай бастаған, дү­ниеде Данте мен Байроннан басқа ақынды өзі­не деңгел көрмей жүрген А.Пушкин, яки Дмитрийдің туысқан ағасы: «Мынадай жыр­лар жазсам, бүгін өліп кетсем де өкінбес едім!» деп таңдайқата болып тамсаныпты де­седі. 
Дмитрий де «таңдайына шайтан түкіріп», өзінің «зу ете қалатын» шолақ ғұмыры ха­қын­да ерте сәуегөйлік жасапты:
Душа сказала мне давно:
Ты в мире молнией промчишься!
Тебе все чувствовать дано,
Но жизнью ты не насладишься...
Ақынды жерлерде араб Пушкин мен поляк Мицкевич көпке дейін азалы көңіл күй­ден босай алмапты...
Мұндай сәуегөйліктен Николаз да құр емес. Оның төмендегі жыры өзінің қыршын өлімі сәті мен құлпытасы орнар мезетті дәл суреттеуімен таңғалдырады. 
Это легкий переход
В неизвестность от забот
И от плачущих родных
На похоронах моих.
    
Это синий негустой
Иней над моей плитой.
Это сизый зимний дым
Мглы над именем моим (Б.Пастернак аудармасы). 
Құранның 13 парасын көтерген қари Сұл­танмахмұт осынау Ғайсаның дініндегі жас­тастары құсап алдын болжап айтпа­ған­мен: «Жасамаймын еңбектің Қызығын көз­бен көрем деп...» деген түйінімен-ақ өмірінің ақыр­ғы нүктесін қойып кеткендей.
Қапыда адам қолынан жұмбақ өлім құш­қан Артығали марқұмның аз ғана мұрасын па­рақтасаң да ғұмырының қысқалығы жай­лы әлденеше ишараларға тап боласың. Со­лар­дың бірі мынау:
Сынасып сабыр  –  меже, күле жетем,
Тақалды таусылуға, міне, мекен,
...Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау,
Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен! 
Дәл байқап отырсыз, өзінің ғұмыр-соқ­пағының келте екенін, ұзамай рухы шығанға шырқап кететінін ақындық қуатпен образға орап беріп отыр. Бәлкім, ырықсыз, әлдебір тылсым қуаттың ексімі айтқызып отыр... Ал Саят-қыршын өз өлімін одан да нақтырақ елестетеді: 
«Босағаң сенің құлайды,
Үйленбей жатып, көркеймей...»
Ақынның жыры жылайды
Көр азап шеккен Орфейдей...
Мұның бәрін «әлқиса» қылғандағы мақ­сатым не? 
Қазіргі қазақ көркем сөзінің көрнекті өкі­ліне айналған Маралтайдың  шығар­ма­шы­­лығымен де, өмір жолымен де бір кісідей т­а­ныспын десем, ұшқарылық болмас. Оның өлең­деріндегі соны серпін, тың ырғақ әп дег­еннен талай назарды жалт қаратқаны рас. Пуш­кинсініп: «Шіркін, мынадай өлең жаз­сам!» дей қоймаған шығармыз, бірақ бейжай қал­мағанымыз анық. Онымен 1995-ма­мы­рын­да «Дәуір» баспасында Нұрлан досым Мәу­кенұлы таныстырған. Содан бері ағалы-інілі қалыптан ажырамадық... 
Маралтай да поэзия жайлауына сәуірдің ас­панындай аласапыран екпінімен келді. Ол да келе сала: 
Бала арманым өлді екен деп тереңде,
Болмас іске қабағымды керем бе?!
Жерге сыйлап жансыз қалған тәнімді,
Көкке кетем көресімді көрем де! – деп қорқыта бастады. 
Бірде: 
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын,
Қазылмаған қабірімнің қасында! – деп үркітсе, тіпті, кейде бұдан да ары сілтеп:
Бүгінгі түн – мен үшін ақырғы түн,
Өмірімнің ажалға атын бұрдым, – деп иманымызды қасым қылды. Бүгін бүгудің қа­­жеті жоқ, осынау әуірі бет шарпыған өлең­дерді оқыған сайын, ішімізде,  әңгімеміздің «әлқисасында» айтқан қыршын шайырлар­дың тағдыры бұйырмағай да деген үркін тілек болды. 
Кімге жасырын, ізімізді баса келген Марал­тай кешкен «тозақты» біз де кештік. Бұ­рынғы жүйе шілпара ыдырап, күллі құн­дылықтар күйреген тұста өмір сүру кімге оңай тиді дейсің?! Оның ішінде, жүрегі жай­тартқыш сынды ақын байғұсқа сынақтың еселеп келері мәлім ғой. Қуыс-қуыстың бәрі – азғын-тозғын, ұры-қары, бұрыш-бұрыштың бәрі – рэкетир, бандиттер. Ішімдікке салыну, нашақорлыққа ұрыну, ұрғашы қауымның аз­ғындығы қалыпты жағдайға айналған. Бұрын кездеспеген «қазақы қайыршылар» қап­тап кеткен. Қадамыңды сәл қиыс бассаң – оп­паға түсесің, ауызыңды сәл бұрыс ашсаң, ба­сыңмен қоштасу қиын емес кезең-ді. Бірақ біздің Маралтай сол алаңдарды да, қалтарыс­тарды да тарпаң қалпында кешіп өтті. Оның Шер-ағаның – 60, ұлы Абайдың 150 жылдық тойында «жұртта қалған», Кеңсай қабірста­нын­да «тіркеуде» тұрған шақтары да сол мез­гіл. Бүгінде күлкіге сайғарып сөз қылсақ та ол заман күлкің – күміраға айналған, құл­қың «құмыраға»  байланған құрдым шақ-тын. 
Ақынның «Кеңсайдағы диалог» жыры былай басталады: 
Жүрсе де шалқып қанша күн,
Ақыры – өлім баршаның...
– Шарабың бар ма, құйсаңшы!
– Шылымың бар ма?
– Шаршадым...
– Жоқ болып кетіп кейде сіз,
Келесіз кейде жейдесіз.
Сыйысып жатып едік қой...
(Сөйлейді сөздер бейнесіз)
– Сыймаймын мынау қалаға!
– Сыймағам мен де Далаға...
– Сен мені танып тұрсың-ау?
– Мен сізді... Иә... Жан-аға!
Бұл ақын басынан өткен қосүрей (гал­люци­нациялық) хәл ғана емес, сол кезеңдегі тен­тіренді адам, қалтыранды ақын, әсіреңкі қо­ғам, яки «бейнесіз сөздер» үстемдік құрған за­манды телғабыс алып суреттеген өттей ащы ақиқат! 
Есіме түседі, баспанасыз ақын кейде жұ­мыс аяқталған шақта «Дәуір» баспасының қа­раңғы бұрыштарына тығылып іште қалып қояды екен. Тоғыз қабат алып ғимаратты түнімен жалғыз өзі билеген, қышқылтым қорылға бөлеген дәруіш таң алдында оянады. Әрине, ондай кезде «бір себепсіз қайғы құр пен­дені басып», жаныңды жалғыздық жай­лап алатынын басынан кешкендер біледі. Міне, Маралтай сол шақта жалғызсыра­мау­дың амалына көшеді. Ол барлық еркі өз ер­кіне тиген тегін телефонның құлағына мі­неді. Қойындәптеріндегі (жоғалмаған болса) телефоны барлардан «сырлас» іздейді. Сондай «беймезгіл сырластардың» бірі біз едік. Сонау жер түбіндегі Маңғыстауда (ол кезде Алматы мен Маңғыстаудың уақыт айы­рымы – екі сағат, яки Алматыда 05 сағат бол­са, бізде – 03) түн ауғы шырт ұйқыда жат­қан менің үй телефоным кенет шабынан шаян шаққандай баж-ж-ж ете қалады! Әри­не, мезгілсіз ұрылған зыбан не түрлі үрейлі ой­ларымен ұйқыңды шайдай ашады. «Бар­шы» деп жұбайыңды жұмсайсың. Мігірсіз бей­неттен діңкелеп жүрген ол байғұс шара­сыз барып тынбай безілдеп жатқан трубканы ала­ды. «Әл-лө... Қазір...» дейді көңілсіз үнмен. Қай­тып келіп «Маралта...» дей беріп сылқ етіп бәз ұйқысына шомып кете барады. Со­дан соң, әрине, «саһар тұтқан» бағзы дәруіш­тердің емес, зәһар жұтқан бәңгі нәдұрыс­тар­дың «сәрі сұхбаты» басталады. Басында «неге беймезгіл соғасың?!» деп өкпеңді айтарсың, содан бір замандар өткенде қарасаң, сен де екі­леніп, мынау алапес заманды, мінәпас қоғам­ды қосыла сықпыртып отырғаныңды бір-ақ байқайсың...
Маралтайдың буыны өз кезеңі сияқты өте мазасыз ұрпақ болды. Бабажанның Бауыр­­­жаны, Шаймаранның Мұраты сынды кейбір сабырлылары сабасын сарықпай, көп аса тарықпай өтпелі кезеңнен аман өтті. Осы­лардың ішінде, әсіресе, Әділ Ботпанов, Әмір­хан Балқыбек, Маралтай – үшеуінің ек­піні тау жыққандай-тын. Өкініштісі, ал­ғашқысы сол тауға сіңіп ғайып болды, екін­шісі тауға ұрылып майып болды, соңында Хай-Марал қалды жайып қолды... 
Оның «Ат қою» атты өлеңінде мынадай жолдар бар:
«Тай-Марал» дейтін еді Есен ағам,
Жүргенде тірісінде есен-аман...
«Ай-Марал» дейді мені Тыныш көкем,
Серленген сөзі алтын, күміспенен...
...«Хай-Марал» дейді бүгін Свет ағам,
Бас иген пайғамбарға – үмметі аман.
«Мәңгі» деп есіміме мән жалғаған,
Қос өмір, қос дүниеде құрмет оған! 
Алдыңғы екі ағам неге олай атағанын өз­дері білер, ал менің оған осындай таһаллус қоюым тегін емес-тін. «Хай» – Жаратушының «Мәңгі» деген сипаты. Мұның софылық ілім­де рухани терең астары бар. Софылардың ең жоғарғы мақамдары – «Фәнә-филлаһ», «Бәқа-биллаһ» дәрежелеріне, яки «Аллаға сіңу», «Мәң­гілікке сіңу» сатыларына өту! Ол нағыз әу­лиелердің пешенесіне жазылған бақ. Де­мек, ондай құл «Хай» сипатын қабылдайды. Мен, әлбетте, Маралтайдың ондай дәрежеге жетуіне тілектес болсам да, «сондай дәреже тап­ты» деп күпір болудан аулақпын. Мәселе бас­қада. Әңгіме ұлттың ішкі мәңгі қуаты жайын­да. Маралтайдың да әлгі әзіз достары құ­сап «он екіде бір гүлі ашылмай» жоқтыққа кетуі әбден мүмкін-тін. Өйткені ол сол ере­же­сіз заман, дәрежесіз қоғамда күні-түн екі дү­ниенің шекарасында жүрді. Кеңсайдың «пропискасы» оған тегін берілген жоқ... Құ­дайға қай қылығымен жаққанын кім білсін, әйтеуір таңдайы қырық қыртыс қорғансыз ақынның маңдайы жырта қарыс екен! Оған Құдайдың «Жаратушы» сыпатына ие «Халық» қол созды: құрдым-дарияда жаңқадай жа­нұ­шыр­ған шайыр-балаға нұр-қармағын лақ­тырып, жағаға суырып алды. Мен бүгін күллі қазақтың мейір-махаббаты, пейіл-шапағаты болып оған қол созғандардың біразын білем. Олардың ішінде: Асанәлі Әшімов, Ілия Жа­қа­нов, Фариза Оңғарсынқызы, Исраил Са­пар­бай, Күләш Ахметова, Темірхан Медетбек, Иран-Ғайып, Ғабиден Құлахмет, Есенғали Раушанов т.б.-лар бар еді. Жас таланттың тағ­дырына мұнша ықыласпен алаң болып, қам­қор қолын созғандар бұрын-соңды бол­ды ма екен бұл топырақта? Ай, қайдам? Күні кеше ғана дауасыз дерт құрсап, өлім аузында жатқан Қасымның үстінен тынымсыз арыз ұйымдастырған да осы жүрген біздер едік қой! Мұқағалиды мұнар-мұңға малтық­тыр­ған, Жұмекеннің жүрегін жарып жіберген, Төле­генге қызмет бермей тентіреткен, жаң­ғыз ұлын атылып өлуге мәжбүрлеп, Өте­жан­ды өксіткен кімдер еді?.. 
Бұл жолы: 
Жан едім адалдықпен таң атырған,
Ақынның атпаңдаршы қанатынан! – деп жанұшыра жалбарынған ақын баланың жандаусына Жасаған Ие иіді! Иігені сол, жо­ғарыда аттары аталған аға-апалары оны рухани сұхбатқа шақырды, жандүниесіне үңі­ліп, сырласты. Мысалы, Исраил шайыр «Хат жаздым қалам алып Маралтайға» деген тұ­тас жыр-хат шоғырын жазды. Мұндай пі­шімі бөлек жыр-хат, сыр-хаттар бұрын Мұ­қа­ғали мен Иран-Ғайып арасында ғана жа­зыл­ған...
Исраил:  
Құлама, жылама да, сүрінбе де!
Қуласын, құламасын құлын-дене.
...Денеңді дімкәс жандай діріл көме,
Күрмеліп бара жатыр тілің неге? – деп, ағалық тілекпен аласұра тіл қатты.   
Оған інісі елжіреп, езіліп-егіліп түсудің орнына:
Тар маңдайы қатпар-қатпар мына күн
Жадырамас жырласа да мың ақын.
«Жарамсыз боп танылсын, – деп, – күлкісі!» –
Миығына мөрін басқан дүм-әкім.
Ішу керек!
Сіз де ішіңіз, ішем мен,
Кещелерді көріп күнде күшенген.
Тәңір танып сүйгенінше маңдайдан,
Ажал алып кеткенінше кісенмен! – деп тапсынып бақты. 
Күләш апасы ене-көкірекпен:
Алдың – майдан, бұл өлең – бүлік десең,
Жет, Маралтай, жел табан киікке сен.
Дала – сенің өлшемің, жеткеніңше,
Таулар – сенің өлшемің, биіктесең! – деп қайрады, қайраттандырды. 
Темірхан көкесі «Алтынкөпірліктер» де­ген атаулы мақала жазды. Ал біз –  «ағаш­кө­пір­ліктер», олардың тілеуін тіледік. Тілеуін тілеген біз ғана емес едік. Әбіш Кекілбайұлы Фариза апа туралы мақаласында «тұлғаны ең әділ бағалай алмайтындар замандастары» деген ой айтады. Шыны солай. Бірақ бұл жо­лы сол шындық жаңылды. Хай-Маралдың ең талантты тұстастары оған ең сәтті шу­мақ­тарына орап, ең тәтті ниеттерін арнап жат­ты. 
Міне, сөйтіп Ата-Қазақ ақынын алқады. Өңі жаман Өрт пен демі жаман Дерттен ара­­­­шалап қалды...
Ақын да бірде ағаның, бірде апаның, бір­де қатар-құрбының қолы болып созылған ізгіліктер мен игіліктерді Құдайдың өзіне деген мейірім-шапағаты ретінде қабылдай ал­ды. Содан да қолынан сырғып түсе жаз­даған қаламына қайта жармасты. Жармасты да жауһар жырларды үстін-үстін дүниеге әке­ле бастады. Оның аса көлемді «Аруана» поэ­­масы XXI ғасырдағы қазақ дастандары­ның ішіндегі дара туындылардың бірі. «Балбалтас», «Ақ батпырауық» атты көлемді кітаптары тынымсыз ізденіс пен мігірсіз жұ­мыстың нәтижесі. Соңғы кітабы мем­ле­ке­тіміздің дәрежелі сыйлығына ұсынылып жат­қаны мәлім. 
Ақынның төрт маусымы да мазасыз. Со­дан да үшбу мақаланың атын «Маралтай­дың мазасыз маусымы» атадым. Ол еш­қашан өз өмі­ріне немесе өлеңіне риза күй кеше ал­майды. Өнердегі қанағатсыздық қа­на өрге шы­ғаратынын, жанкештілік қа­на мәреге же­ткізетінін білгендіктен де қа­ламының сия­сы, маңдайының тері құр­ғамайды. 
Ол бірде былай дейді жұлып алғандай:
Аласталдым адамзаттың 
арасында жү­ріп-ақ,
Тобыр, топтан аласталу – 
шын ақынға ұлы бақ! 
Шынында, тобыр, топтан аласталмаған адамнан ақын шықпаса керек. Өйткені ақын ұғымында:
Қай қоғамда, қай дәуірде, заманда
Жер бетінде атылған оқ адамға –
Құдайға атқан оқпен бірдей әманда! 
Ал Құдайға атылған әрбір оқ, ол, мейлі – өсек, ол, мейлі – ғайбат, ол, мейлі, жала болсын, ең әуелі, ақын жүрегін қан қылмақ! Ондай жүректің иесі тобырдан аласталмай тұра алмайды. Куәмін, осыдан үш жыл бұрын әлдебір шенді неме ақынға бәле жауып сотқа берді! Төменде сол кездегі шер толғауымның үзіндісін ұсынам:
...жанды «заңқор» малады уға,
«сотта» тайқып жүрме тек:
Сенің пірің – Қарабура,
Саған қамқор – Пір Бекет!
қуырғандар отқа жанды
иеленбес Пір тағын –
ақындарға «оттағанды»
соттайды ертең ұрпағым!
түрме түгіл қабірге, осы,
сыймас жырдың өкілі:
ақындардың қабырғасы –
Ақиқаттың көпірі!
сықырлатып сол көпірді 
өткенде ертең Болашақ –
не айтар мұндар елге пірлі –
жүрген «өлі-қала» сап?..
...болсын пұттың қарасы нән,
ей, Хай-Марал, шегінбе! –
оның салған «қаласынан»
молаң артық сенің де!..
Шынында, Қарабура, Пір Бекет әулие­лер кімнің жағында екенін көрсетті, әлгі дүмді мойыны астына қайрылып жығылды! Әділет салтанат құрды, ақын ақталды жа­ла­дан! 
Ол сол бағзы қалпында – «қазылмаған қа­бірінің қасында жазылмаған жырларын оқып» тұр! Ал ол жырдың көсегесі – көк, әусе­­лесі биік екенін Қазақия жұрты мойын­дап қойғалы қашан!..

Светқали НҰРЖАН, 
ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері

Тэгтер:

Маралтай