Экомәдениет – тәрбие өзегі

Бүгін, 14:45 / Túrkіstan IPW

Табиғатты аялау өскелең ұрпақтың бойына ерте жастан сіңірілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс Ақтөбе облысындағы білім беру ұйымдарында, жазғы сауықтыру лагерьлерінде жүйелі жалғасып келеді. Соның бір көрінісі Ақтөбе қаласындағы «Шұғыла» балаларды сауықтыру лагерінде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. 
Төртінші жазғы маусым аясында ұйымдас­тырыл­ған іс-шараға қатысқан балалар қоршаған ортаны қорғау туралы дәрісті тыңдап қана қоймай, эко­логиялық бастамалардың белсенді қаты­су­шы­сына айналды. Танымдық әрі тәжірибе форматында өт­кен акция балалардың табиғатқа деген жауап­кер­шілік сезімін арттыруды көздеді.       
Акция бағдарламасы төрт тақырыптық алаң бойын­ша ұйымдастырылған. Яғни, балалардың жас ерек­шелігі ескерілген. Алғашқы алаңда оқушылар та­биғатты қорғау тақырыбындағы әндерді орындап, ту­ған жерге сүйіспеншілігін өнермен жеткізді. Екін­ші алаңда қоршаған ортаның тазалығы мен эко­ло­гиялық қауіпсіздік туралы ойларын плакаттарға бей­неледі. Ал үшінші  алаңда өткен спорттық-эко­логия­лық эстафета командалық жұмыстың маңы­зын айқындап, оқушылардың ұйымшылдығы мен белсенділігін арттырды. 
Акцияның мазмұнын байыта түскен төртінші алаң тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдалануға арналды. Бұл алаңда 7-10 жас аралығындағы кіші топ­тың балалары топтасты. Олар қарапайым плас­тик стакандардан сәндік бұйымдар, әшекей мен шам жасап, қайта өңдеу мәдениетінің мәнін тә­жі­рибе жүзінде ұғынды. Бұл шығармашылық жұмыс қор­шаған ортаға жанашырлық танытудың күн­де­лікті өмірден басталатынын көрсетті. 
– Бүгін пайдаланылған пластиктен жаңа бұйым жа­­сауға болатынын көрдік. Енді үйде де қалдық­тар­ды бөлек жинап, қайта пайдалануға тырысамын, – дейді  Алдияр есімді бала. 
Экологиялық акция балалардың шығармашы­лық қабілетін дамытып қана қоймай, табиғатты қорғау әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін ұғын­дыруға бағытталған тағылымды тәрбие саға­ты­на айналды. Мұндай тәжірибе жұмысы  жас ұр­пақ­тың экологиялық мәдениетін, қоршаған ортаға қамқорлығын арттырады. 
– Балалардың табиғатты қорғауға қызығу­шы­лығы жыл сайын артып келе жатқанын байқаймын. Бұл жолғы акция кезінде біз олардың бойына эко­ло­гиялық мәдениетті қалыптастыру үшін теория мен тәжірибені ұштастыруға басымдық бердік. Ба­ла­лардың сөзіне қарағанда, табиғатты аялауға ша­қыратын мұндай акциялар қала мен облыс мек­тептерінде де жиі өтіп тұрады, – дейді «Шұғыла» ба­лаларды сауықтыру лагерінің басшысы Эльмира Күлтаева.  
Биыл «Шұғыла» лагерінде алты маусымдық ауы­сым ұйымдастырылған. Мемлекеттік  тапсырыс ая­сында бірінші ауысымда Ойыл және Байғанин аудандарының, екінші ауысымда Әйтеке би ауданының, үшінші ауысымда Темір ауданының, төр­тінші ауысымда Алға және Қарғалы ауданының  балалары демалуда. Алдағы екі ауысымда лагерь Ақтөбе қаласының оқушыларын қабылдайды. Жал­пы, жазғы маусымда мұнда облыстың түкпір-түк­пірінен келген 706 бала тынығады. 
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жат­қан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының түпкі мақсаты – қоршаған ор­таның тазалығын қамтамасыз етумен қатар, та­биғатқа жанашыр азаматтық көзқарас қалып­тас­тыру. «Шұғыла» лагерінде өткен бұл тағылымды іс-шара сол мақсаттың өміршеңін нақты іспен ай­­­ғақтай түсті. Өйткені экологиялық мәдениет бір күн­де қалыптаспайды. Ол бала бойына осындай игі бас­тамалармен орнығып, елдің ертеңіне жауапты аза­мат тәрбиелеуге қызмет етеді.                                                                                      

Жанна Көпжанова