Құқықтық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар әрбір адамның құқығы мен бостандығын негізсіз шектеуден қорғау.
Қылмыстық жауаптылық мемлекеттің ең қатаң құқықтық шарасы болғандықтан, оны қолдану кезінде ерекше дәлдік пен заңдылық талап етіледі. Алайда қазіргі құқық қолдану тәжірибесінде бір мәселе әлі де өзекті болып отыр.
Ол – заң бұзушылық фактісі мен қылмыстық құқық бұзушылық құрамының аражігін нақты ажырату мәселесі.
Кез келген құқыққа қайшы әрекет автоматты түрде қылмыс саналмайды. Белгілі бір әрекет азаматтық-құқықтық қатынастарды бұзуы, әкімшілік құқық бұзушылыққа жатуы немесе тәртіптік жауаптылыққа негіз болуы мүмкін. Ал оны қылмыстық құқық бұзушылық деп тану үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген барлық міндетті белгілердің болуы қажет.
Қазір құқық теориясында «құқық бұзушылық белгісі» ұғымы кеңінен қолданылғанымен, Қазақстанның Қылмыстық кодексінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде оның нақты заңнамалық анықтамасы берілмеген. Бұл құқық қолдану тәжірибесінде белгілі бір түсініксіздік туындатуы мүмкін.
Құқық бұзушылық белгісі – әрекетті немесе әрекетсіздікті құқық бұзушылық ретінде саралауға мүмкіндік беретін әрі құқық бұзушылық құрамының белгілі бір элементін сипаттайтын заңда көзделген мән-жай.
Құқық теориясында «құқық бұзушылық белгісі» мен «құқық бұзушылық құрамы» бір ұғым емес. Құқық бұзушылық құрамы – құқық бұзушылықты сипаттайтын міндетті элементтердің жиынтығы болса, құқық бұзушылық белгілері сол элементтердің әрқайсысын сипаттайтын нақты заңдық тетіктер. Демек, құқық бұзушылық құрамының болуы оны сипаттайтын барлық міндетті белгілердің жиынтығы анықталған жағдайда ғана анықталады.
Бұл ұғымды заңнамалық деңгейде бекіту құқық қолданушыларға маңызды шекараны анықтауға мүмкіндік береді: заң талаптарын бұзу мен қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың бір ұғым емес екенін нақты көрсету.
Қылмыстық құқық теориясына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының төрт міндетті элементі бар. Олар – объект, объективтік жағы, субъект және субъективтік жағы.
Осы элементтердің біреуінің болмауы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқ екенін білдіреді. Сондықтан қандай да бір кемшілік, заң талабын бұзу немесе зиян келтіру фактісі өздігінен қылмыстық жауапкершілік негіз бола алмайды.
Мысалы, белгілі бір тұлғаның азаматтық міндеттемені тиісінше орындамауы, шарт талаптарын бұзуы немесе қызметтік міндеттерін орындау барысында қателік жіберуі азаматтық-құқықтық немесе өзге де жауаптылық мәселесін туындатуы мүмкін. Бірақ оны қылмыстық жауапкершілікке жатқызу үшін қылмыстық заңда көрсетілген барлық белгілер дәлелденуі тиіс.
Тәжірибеде кейбір жағдайларда маманның немесе сарапшының қорытындысында анықталған кемшіліктер негізінде қылмыстық қудалау органдары тарапынан қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар деген тұжырым жасалып, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталатын жағдайлар кездеседі.
Алайда маманның немесе сарапшының қорытындысы адамның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы толық бар екенін автоматты түрде білдірмейді. Ол тек белгілі бір мән-жайды анықтайтын дәлелдемелердің бірі есептеледі.
Қылмыстық іс бойынша шешім қабылдау кезінде тек анықталған кемшіліктің немесе заң бұзушылықтың болуына емес, сол әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының барлық элементтерінің бар-жоғына құқықтық баға берілуі қажет.
Яғни, міндетті түрде:
– қандай қоғамдық қатынасқа қол сұғылғаны;
– қандай нақты әрекет жасалғаны;
– әрекет пен туындаған зардап арасындағы себепті байланыс;
– тұлғаның қылмыстық жауапкершілік субъектісі ретінде танылуы;
– оның кінәсінің нысаны анықталуы тиіс.
Бұл талап тек тергеу органдарына ғана емес, прокуратура мен соттарға да қатысты болуы керек. Себебі сот – адамның кінәлілігі немесе кінәсіздігі туралы соңғы шешім қабылдайтын орган.
Құқық қолдану тәжірибесінде бұл мәселенің маңызын сот шешімдерінен де көруге болады.
Жуырда Қостанай сотында жеке сот орындаушысына қатысты Қылмыстық кодексінің 251-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған іс бойынша ақтау үкімі шығарылып, бұл жағдай қоғам назарын аударды. Сот өз түсіндірмесінде жеке сот орындаушысының әрекетінде азаматтық заңнаманы бұзу белгілері болуы мүмкін екенін, алайда қылмыстық құқық бұзушылық құрамының міндетті белгілері анықталмағанын көрсеткен.
Бұл шешім құқықтық жауапкершілік түрлерін дұрыс ажыратудың маңызды екенін көрсететін мысал.
Сонымен қатар құқық қолдану тәжірибесінде барлық жағдайда мұндай тәсіл сақтала бермейді. Кейбір жағдайларда азаматтық-құқықтық сипаттағы қатынастардан туындайтын дау немесе міндеттемелерді орындауға байланысты мәселелер қылмыстық-құқықтық бағалауға ұшырап, тұлғалардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына алып келетін жағдайлар да кездеседі.
Бүгінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы қаулыда да, күдікті деп тану туралы қаулыда да құқық бұзушылық құрамының әрбір міндетті элементіне жеке құқықтық баға беру талабы заңнамалық деңгейде тікелей көзделмеген. Нәтижесінде, процестік шешімдерде көбіне құқық бұзушылық құрамының толық талдауынан гөрі жекелеген мән-жайларға ғана сүйену тәжірибесі кездеседі.
Осыған байланысты заңнамада құқық бұзушылық құрамын міндетті түрде талдау механизмін енгізу қажет.
Біріншіден, Қылмыстық кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне «құқық бұзушылық белгісі» ұғымының нақты анықтамасын енгізу қажет.
Екіншіден, Қылмыстық-процестік кодексте қылмыстық қудалау органдарының процестік шешімдерінде құқық бұзушылық құрамының барлық элементтеріне жеке құқықтық баға беру және оны дәлелдемелермен негіздеу талабы белгіленуі тиіс.
Атап айтқанда, қылмыстық іс бойынша:
– сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы шешімде;
– күдікті деп тану туралы қаулыда;
– айыптау актісінде;
– прокурордың қорытындысында құқық бұзушылықтың объектісі, объективтік жағы, субъектісі және субъективтік жағы жеке көрсетіліп, олардың әрқайсысы нақты дәлелдемелермен негізделуі қажет.
Үшіншіден, сот үкімінің дәлелдеу бөлігінде соттың қылмыстық құқық бұзушылық құрамының әрбір элементі бойынша жеке құқықтық қорытынды жасау міндетін нақтылау қажет.
Мұндай өзгерістер соттардың тәуелсіздігіне немесе ішкі сеніміне әсер етпейді. Керісінше, қабылданатын шешімдердің құқықтық негізділігін арттырып, олардың дәлелді әрі түсінікті болуына мүмкіндік береді.
Құқық бұзушылық құрамын төрт элемент бойынша міндетті талдау институтын енгізу құқық қорғау органдарының жұмыс сапасын арттырып қана қоймай, азаматтарды негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғаудың тиімді кепілі болар еді.
Заңның мақсаты тек кінәлі адамды жауапкершілікке тарту емес. Заңның басты міндеттерінің бірі – кінәсіз адамның құқығы мен бостандығын қорғау.
Сондықтан «құқық бұзушылық белгісі» ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту және құқық бұзушылық құрамының міндетті элементтерін процестік құжаттарда толық көрсету талабын енгізу – Қазақстанның құқықтық жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі болуы тиіс.
Заң үстемдігі кінәліні жауапкершілікке тартумен шектелмей, кінәсіз адамның негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырамауына берілетін кепілдікпен де өлшенеді. Сондықтан «құқық бұзушылық белгісі» ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту және құқық бұзушылық құрамының барлық міндетті элементтеріне процестік шешімдерде жеке құқықтық баға беру талабын енгізу құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды қадамы болмақ.
Нұрлан ЖАРМАХАНБЕТ,
құқық магистрі