Қазақстан – жүзден астам этнос пен түрлі мәдениеттің өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет. Бұл – тарихтың талай сынағынан өткен халқымыздың өзара құрметі мен сыйластығының, келісім мен ынтымағының жемісі. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік еліміздің тұрақтылығы мен дамуының басты кепіліне айналды.
Алдағы Құрылтай сайлауы – ел өміріндегі маңызды саяси науқанның бірі. Мұндай кезеңдерде қоғамдағы ауызбіршілік пен жауапкершіліктің маңызы бұрынғыдан да арта түседі. Себебі кез келген саяси үдерістің басты мақсаты – халықтың мүддесіне қызмет етіп, мемлекетіміздің дамуына үлес қосу. Ол үшін әр азамат заңды құрметтеп, қоғамдық келісімді сақтауға және ортақ құндылықтарды бағалауға ұмтылғаны маңызды.
Қазақстанның басты байлығы – табиғи ресурстары ғана емес, ең алдымен адамдар арасындағы татулық пен өзара сенім. Әр ұлттың тіліне, мәдениетіне, дәстүріне құрметпен қарау – біздің қоғамның қалыптасқан өмір салты. Осындай сыйластықтың арқасында елімізде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында еңбек етіп, білім алып, кәсіп ашып, балаларын өсіріп, ортақ болашақты бірге құрып келеді.
Береке-бірлік күнделікті өмірдегі қарапайым қарым-қатынастан, бір-бірімізге деген сыйластықтан, қиын сәтте қолдау көрсете білуден басталады. Ынтымақ бар жерде түсіністік болады, ал түсіністік бар жерде даму мен өркендеуге жол ашылады. Сондықтан қоғамдағы тұрақтылықты сақтау – мемлекет пен азаматтардың ортақ жауапкершілігі.
Бүгінгі әлемдегі күрделі геосаяси және экономикалық өзгерістер әрбір елдің ішкі бірлігінің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр.
Қандай саяси науқан өтсе де, ең бастысы – елдің тыныштығы мен қоғамның тұтастығы. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан халық қана кез келген қиындықты еңсеріп, жаңа белестерді бағындыра алады. Сондықтан халықтар достығын, өзара құрмет пен келісімді сақтау – бүгінгі ұрпақ пен келешек буын алдындағы да маңызды міндет.
Елдің ертеңі – бірлікте. Ынтымағы жарасқан, татулығы мығым қоғам ғана тұрақты дамып, жарқын болашаққа нық қадам басады. Қазақстанның күш-қуаты да, берекесі де – оның көпұлтты халқының өзара сенімі мен достығында. Біздің қоғам – зайырлы қоғам. Ұлтаралық келісім – біздің баға жетпес байлығымыз.
Тілеубек ТҰРЫСБАЕВ,
зейнеткер