Алматыда FIFA халықаралық стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін толық циклді халықаралық футбол академиясын салу жоспарланып отыр. Жоба «АлматыМетроҚұрылыс» АҚ акционері Қайрат Реимовтың жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылады. Компанияның мәліметінше, бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту жөніндегі тапсырмасына отандық бизнестің қолдауы ретінде қолға алынған.
Болашақ спорт кластері Құлагер шағын ауданындағы 3,7 гектар жеке аумақта бой көтереді. Барлық қажетті келісімдер уақытында алынған жағдайда, кешеннің құрылысы 1,5-2 жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған.
Жоба аясында 500 орындық жалпы білім беретін мектеп, Қазақстанның барлық өңірінен келетін балаларға арналған 320 орындық кампус-қонақүй, тамақтану орталығы, саябақ аймақтары мен фитнес алаңдары салынады.
Кешен аумағында FIFA талаптарына сай екі толық өлшемді футбол алаңы орналастырылады. Оның бірі жабық манежде, спортшыларға жыл бойы ауа райына қарамастан жаттығуға мүмкіндік береді.
Жоба авторларының айтуынша, академияда балаларға оқу мен спортты қатар алып жүруге барлық жағдай жасалады. Сонымен қатар өңірлердегі дарынды жас футболшыларға сапалы білім алып, кәсіби дайындықтан өтуге тең мүмкіндік беріледі.
Кешеннің басты сәулеттік ерекшеліктерінің бірі – негізгі ғимараттың төбесіне орнатылатын алып футбол добы болмақ. Арнайы жарықтандырудың арқасында ол Алматының жаңа символдарының біріне айналып, күндіз де, түнде де алыстан көзге түсетін көрнекті нысан болады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Алматыдағы «Қайрат» футбол академиясының түлегі, жас дарын Дастан Сәтбаев Англияның «Челси» командасына ауысты. Ол алғашқы оқу-жаттығуға арналған жолдастық кездесуде клуб сапында алаңға шығып, «Челсидің» маусымдағы бірінші голдың авторы атанды.