Бүгін Абай облысының басшысы Берік Уәли Аягөз ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістерге сәйкес облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау институты жойылды. Қазіргі уақытта облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыс әкімдері тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды.
«ҚР мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 25 бабына сәйкес ҚР Президенті әкімшілігінің, Аягөз ауданы мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Аягөз ауданының әкімі лауазымына Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды.
Айта кетейік, бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі Абай облысындағы екінші аудан әкімінің тағайындауы.
«Аягөз ауданы – облыстағы стратегиялық маңызы бар бірден бір аймақ. Аудан ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті және әлеуметтік саланы дамыту үшін жоғары әлеуетке ие. Сонымен қатар логистика мен сауданың дамуына ықпал ететін маңызды көлік қиылысында, яғни, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сол себепті қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, бұл жұмыстардың бәрін жүйелі жолға қойып, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы және лайықты жүзеге асыру аса маңызды. Айбек Серікболұлының тәжірибесі жеткілікті. Осы уақыт ішінде өзінің іскерлік және ұйымдастырушылық қасиеттерін таныта білді. Сондықтан артылған сенімді ақтап, Аягөз ауданының жұртшылығымен бірлесе отырып, ауданның одан әрі дамып, гүлденуіне бар күш-жігерін салып, аянбай қызмет етеді деп сенемін», – деді Берік Уәли.
Айбек Серікболұлы Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру», Қазақ инновациялық гуманитарлық – заң университетін «заңгер» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Семей қаласындағы қазақ күресі бөлімінде оқытушы-жаттықтырушы болып бастады. Шығыс Қазақстан облысының жоғары спорт шеберлігі мектептерінде нұсқаушы-әдіскер, қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек етті. Алты жылдан астам уақыт Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры болды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.