Ақтөбе полициясы 12 жастағы қызды жоғары жылдамдықпен қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен велокурьерді іздестіріп жатыр. Жол-көлік оқиғасы салдарынан қыз ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қыздың бет сүйегі мен жоғарғы жақ сүйегі сынған. Баланың анасының айтуынша, оқиғаға кінәлі адам әлі күнге дейін табылмаған.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын растады.
«Велокурьер мен кәмелетке толмаған қыздың қатысуымен болған оқиға бойынша полиция жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта оқиға болған аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелуде. Велокурьердің жеке басын анықтауға бағытталған жұмыстар жалғасуда», – деп хабарлады ведомство.
Құқық бұзушының жеке басы анықталғаннан кейін оған Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.