29 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда есепті апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Апта ішінде картоптың бағасы 2,8 пайызға, қызанақ 2,4 пайызға, алма 1,9 пайызға, қияр 1,2 пайызға төмендеді. Сондай-ақ сәбіз, қаймақ және қара шай 0,2 пайызға, ал тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, майлылығы 2–3 пайыз айран 0,1 пайызға арзандады.
Есепті аптада ұн, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, жылқы еті, сүйекті сиыр еті, сондай-ақ майлылығы 2,2–6 пайыз болатын пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүттің бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық үрдіс байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Павлодарда 0,4 пайызға, Алматы, Шымкент және Ақтауда 0,2 пайызға, Қонаев пен Қостанайда 0,1 пайызға төмендеді. Ал Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында бағалар өткен аптаның деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір килограмына 495 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркеліп, бір килограмы 339 теңге болды.
Ел бойынша картоптың орташа бағасы бір килограмына 275 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда тіркеліп, бір килограмы 219 теңге болды.
Республика бойынша І санаттағы жұмыртқаның (10 дана) орташа бағасы 567 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Оралда (475 теңге) және Қызылордада (477 теңге) тіркелді.