Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде оқитын 16 жастағы оқушы флюорографиялық тексеруден өтіп, нәтижесінде одан қауіпті ауру анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, науқас оқушы Петропавл қаласындағы №17 Ұлттық жаңғыру орта мектебінің шәкірті. Қала тұрғындарының айтуынша, осы мектепте білім алатын оқушылардың ата-аналарына медицина қызметкерлері хабарласып, тексеруден өтудің қажеттігін ескерткен.
Солтүстік Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 14 шілде күні медициналық ұйымнан жасөспірімнен бактерия бөлетін туберкулездің (МБТ+) анықталуына байланысты шұғыл хабарлама түскен.
Осыған байланысты ведомство өз құзыреті шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларды бастады. Ауру ошағында қорытынды дезинфекция жүргізіліп, науқаспен байланыста болған барлық адамдар – отбасы мүшелері, сыныптастары, мектеп мұғалімдері және техникалық қызметкерлер тексеруден өткізілді. Сонымен қатар, жасөспірім тіркелген және ауру анықталған медициналық ұйымдарға қатысты эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде түберкүлезбен ауырғандар саны азайған. Осы кезеңде түберкүлездің жаңадан анықталған 68 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға немесе 17 жағдайға аз. Былтыр осы кезеңде 85 адамнан туберкулез анықталған болатын.
18 жасқа дейінгі балалар арасындағы түберкүлезбен сырқаттанушылық деңгейі өзгеріссіз қалған. Жыл басынан бері Петропавл қаласында бактерия бөлмейтін түберкүлездің 3 жағдайы тіркелді.