World Boxing Ресей боксшыларына қойылған шектеуді алып тастады

Бүгін, 08:02 / Нұрлан Әлинұр
Фото: World Boxing

Геннадий Головкин жетекшілік ететін World Boxing халықаралық федерациясы ресейлік боксшыларға қатысты бұрын енгізілген шектеулерді алып тастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұйымның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұл шешім Глазгода өткен атқарушы комитеттің отырысында қабылданды. Жиында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық мәселелері де қаралған.

Жаңа шешімге сәйкес, Ресей құрамасының боксшылары халықаралық жарыстарда өз елінің туы мен әнұранын пайдаланып, басқа мемлекеттердің спортшыларымен тең жағдайда бақ сынай алады. Сонымен қатар ұйым ресейлік делегациялардың мінез-құлқы мен допингке қарсы талаптарды сақтау мәселесі қатаң бақылауда болатынын атап өтті.

Отырыс барысында Астанада 2027 жылы өтетін бокстан әлем чемпионатына дайындық жұмыстары да талқыланды. Бұдан бөлек, 2028 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу турнирлерінің күнтізбесі бекітілді.

World Boxing президенті Геннадий Головкин қабылданған шешімдер ұйымның даму бағытын айқындайтынын айтты.

«Бүгін қабылданған шешімдер федерацияның шаршы алаңдағы және одан тысқары қызметінде елеулі ілгерілеу бар екенін көрсетті. Біз олимпиадалық қозғалыста бокстың болашағын қамтамасыз ететін ашық әрі тиімді ұйым қалыптастыру жолында жұмысымызды жалғастырып жатырмыз», – деді Головкин.