Таразда жеке сот орындаушысы 1,1 млн теңге жымқырған

Бүгін, 16:46 / Алуа Арман
istockphoto.com

Тараз қаласының прокуратурасы жеке сот орындаушыларының депозиттік шоттарына түскен ақша қаражатының қозғалысына қатысты олардың қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру нәтижесінде жеке сот орындаушысының мемлекет пен банк ұйымдарының пайдасына аударылуы тиіс 1,1 млн теңге ақша қаражатын жымқыру фактілері анықталды. 

Анықталғандай, 3 борышкерден өндірілген ақша қаражатын сот орындаушысы өзінің жеке шотына аударып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. 

Бұл ретте аталған борышкерлерге қатысты атқарушылық іс жүргізулер аяқталмаған, берешек өтелмеген. 

Осы факт бойынша қала прокуратурасы 29.04.2025 ҚР ҚК-нің 251-бабының 2-бөлігі (жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін бірнеше рет теріс пайдалануы) бойынша қылмыстық іс тіркеді. 

Тараз қаласының №2 сотының 23.06.2026 үкімімен сот орындаушысы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. 

Оған жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу және атқарушылық іс жүргізуге, сот актілерін орындауға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан үш жыл мерзімге айыра отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 

Рақымшылық жасау туралы актісі негізінде сотталған адам негізгі жазасын өтеуден босатылды. 

Үкім заңды күшіне енді. 

Сонымен қатар, 17.05.2026 Тараз қаласының прокуратурасы 23 борышкерден өндірілген 8,2 млн теңге қаражатын өндіріп алушыларға аудармау фактісі бойынша басқа жеке сот орындаушысына қатысты ҚР ҚК-нің 251-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеді. 

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Тэгтер:

Тараз сот орындаушысы жеке сот орындаушысы