Өскемен тұрғыны қала әкімін сотқа берген

Бүгін, 16:01 / Інжу Әлихан
instagram/akyshovalmat

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Өскемен тұрғынының қала әкіміне қарсы берген әкімшілік талабы қаралды. Талапкер әкімнің әрекетсіздігін заңсыз деп тануды және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етуді міндеттеуді сұраған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Істі сот талқылауына дайындау барысында жүргізілген татуластыру рәсімдерінің нәтижесінде тараптар өзара келісімге келіп, оны соттың бекітуіне ұсынды. Сот келісімнің заң талаптарына сәйкес келетінін және үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзбайтынын анықтап, оны бекітті.

Келісімге сәйкес, Өскемен қаласының әкімі 2026 жылғы 30 шілдеге дейін қауіпті өндірістік нысандарда техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде тұрғындарды хабардар ету жөніндегі міндетті регламентті әзірлеп, бекітуге міндеттенді.

Құжатта халықты жедел құлақтандыру, жаңа мәліметтер түскен сайын ақпаратты кезең-кезеңімен жаңарту, сондай-ақ ресми интернет-ресурстар мен бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда, барлық қолжетімді байланыс арналары арқылы хабар тарату көзделген.

Татуласу туралы келісімнің бекітілуіне байланысты талапкер өз талабынан бас тартып, әкімшілік іс бойынша өндіріс тоқтатылды.