Алматыда жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған жобасы әзірленді. Құжатта жеке мобильділік құралдарын пайдалануды реттеуге арналған бірыңғай талаптар қарастырылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жобаға сәйкес, электр самокаттары, мопедтер және өзге де жеке мобильділік құралдарына арналған тұрақ орындарын орналастырудың бірыңғай тәртібі енгізіледі. Жалға беру қызметін көрсететін операторлар үшін тұрақ орындары шарт негізінде ұйымдастырылады. Сонымен қатар тұрғындар бұл тұрақтарды өздерінің жеке самокаты мен басқа да жеке көлігін қою үшін тегін пайдалана алады.
Сондай-ақ құжатта жеке мобильділік құралдарын эвакуациялау және сақтау тәртібі, аулаларда шлагбаумдар мен қорғаныш қоршауларын орнату қағидалары да айқындалған. Бұл ретте жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да жедел қызметтердің кедергісіз өтуі міндетті түрде қамтамасыз етіледі.
Жаңартылған қағидаларды енгізу жеке көлік құралдарын орналастыруды жүйелеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.