Шымкентте 15 жастағы қыздың ішінен бір келі шаш шықты

Бүгін, 12:23 / Інжу Әлихан
Қалалық балалар клиникалық ауруханасы

Шымкентте 15 жастағы қыздың ішінен бір келі, ұзындығы 30 сантиметр болатын шаш шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

29 шілдеде сағат 01:12-де жасөспірім жедел медициналық жәрдем бригадасымен Қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Қалалық балалар клиникалық ауруханасының мәліметінше, науқас ішінің ауыруына, тәбетінің төмендеуіне, ашушаңдыққа және жалпы әлсіздікке шағымданған.

Қабылдау бөлімінде оны кезекші хирургтер тексеріп, жалпы қан және зәр талдауы, құрсақ қуысы ағзаларының ультрадыбыстық зерттеуі, шолу рентгенографиясы және компьютерлік томография жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде нақты диагноз қойылды.

Ота барысында дәрігерлер науқастың асқазанынан салмағы шамамен 1 келі, ұзындығы 30 сантиметр болатын бөгде зат – трихобезоарды алып шықты.

Ота сәтті аяқталды. Қазір науқастың жағдайын бақылау мақсатында ол жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды.