Түркістан тауларында турист қаза тапты

Бүгін, 09:09 / Алуа Арман
112

Түркістан облысында құтқарушылар жетуі қиын таулы аймақта авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Операция Төлеби ауданындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан, теңіз деңгейінен 2400 метр биіктіктегі Шүнкілдек асуында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға туралы хабарлама ер адамнан келіп түсті. Ол таулы аймақта бірге болған досының денсаулығы күрт нашарлап, қайтыс болғанын хабарлаған. Өзі де жағдайының нашарлауына байланысты таудан өздігінен түсе алмай, құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болған. Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары дереу жіберілді. Құтқару жұмыстарына ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы да жұмылдырылды.

Тікұшақтың көмегімен жетуі қиын таулы аймақтан 1993 жылы туған ер адам эвакуацияланды. Оны қауіпсіз жерге жеткізгеннен кейін жедел медициналық жәрдем бригадасының дәрігерлері қарап, қажетті медициналық көмек көрсетті. Госпитализация қажет болмады. Сондай-ақ таудан 1978 жылы туған ер адамның денесі түсірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол денсаулығының күрт нашарлауы салдарынан қайтыс болған.

ТЖМ Қазақстан азаматтарға ескертеді: таулы аймаққа шығар алдында жақындарыңызға баратын бағытыңыз туралы алдын ала хабарлаңыз, ауа райы болжамын ескеріңіз. Өзіңізбен бірге байланыс құралдарын, жеткілікті мөлшерде су, дәрі қобдишасы мен қажетті дәрі-дәрмектерді алып жүру қажет.

Тэгтер:

Түркістан тау құтқару Турист қорық