Құрылтай сайлауы: Жеті партияның өкілдері теледебатта адами капиталды дамыту жоспарын бөлісті

29 шілде, 2026 / Алуа Арман

Алдағы Құрылтай сайлауына қатысатын 7 саяси партияның арасында ұлттық теледебат өтіп жатыр. Дебаттың екінші кезеңінде барлық партияға ортақ екі сұрақ қойылды. Партия өкілдері қойылған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алғашқы сұрақ: Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындайды. Осыған байланысты елімізде дарынды әрі кәсіби мамандардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасап, шетелден жоғары білікті адами капиталды тартатын өңірлік хабқа айналу үшін қандай заңнамалық тетіктерді іске қосу қажет деп санайсыз?

Бірінші болып бұл сұраққа «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаев жауап берді.

«Адами капиталдың үш негізі бар: бірінші – денсаулығы, екінші – білімі, үшінші – жұмыс тәжірибесі. Біз сайлауалды бағдарламамызда жастардың білім алуына, ауылға барып жұмысқа тұруына, баспанамен қамтамасыз етілуіне баса мән бердік. Құрылтай өткеннен кейін соны жүзеге асыруға ат салысамыз. Жоба іске асатын болса жыл сайын ауылдық квотамен 30 мыңға жуық студент білім алатын болады. Осылайша біз бағдарламамызды жүзеге асырып, адами капиталдың дамуына үлесімізді қосатынымызға сенімдіміз», – деді ол.

«Әділет» партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Ренат Бектұров партияның сайлауалды бағдарламасында шетелге кеткен кадрларды қайтаруға, оларға жағдай жасауға ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.

«Еліміздің адами капиталын дамыту үшін басқа елге кетіп қалған азаматтарымызды қайтару, оларға жақсы жағдай жасау мәселесі айтылуы керек. Шетелде оқып келген қазақстандық студенттердің және шетелдік мамандардың дипломын елімізде қолдану мәселесін жеңілдету, заңда көрсетілген сәйкестендіру процедураларын жеңілдету қажет. Шетелден адамдар не үшін келеді? Еңбегім адал бағаланса, кәсібін бастай алсам деп келеді. Сол үшін сайлауалды бағдарламамыздың «әділ бәсекелі экономика» деген тармағында бұл туралы нақты жазғанбыз. Шетел асып кеткен қазақстандық жастардың ғана емес, шетелдік мамандарды да Қазақстанға тарту мәселесін қарастырамыз», – деді ол.

«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан жауап берген Олжас Нұралдинов сапалы білім мен адами капиталды дамытуға ерекше назар аударып, мектеп бағдарламаларын заман талабына сай жаңарту, жасанды интеллект бағытындағы білімді ерте жастан енгізу қажеттігін айтты.

Сондай-ақ шетелдік мамандардың тәжірибесін тиімді пайдаланып, отандық талантты жастарды қолдау және еңбек нарығына бейімделген жаңа мамандықтарды дамыту маңызды екенін атап өтті.

Теледебаттың ІІ-кезеңінде партия өкілдеріне қойылған екінші сұрақ: Дарынды кәсіби мамандардың еңбек етуіне қаншалықты жағдай жасалған?

Бұл сұраққа Қазақстан Халық партиясының өкілі Ислам Сұңқар жауап берді.

«Түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналаспау мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдадым. Жоғары оқу орнын тәмамдаған азамат өз мамандығы бойынша еңбек етуі керек. Себебі мемлекет оның тегін білім алуына жағдай жасады», – деді ол.

Екінші сауалға тоқталған ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай ең алдымен мұғалімдердің жалақысын көтеру керектігін тілге тиек етті.

«Ауылда интеллегенция бар ма? Әрине, бар. Әлбетте, ол мұғалім және басқа да құнды мамандар. Жалақыны неге бірінші кезекте шешпеске? Біз ірі құрылымдарға, оларды мерекелеуге қаржы табамыз, мобилограф ауыстыруға қаржы табамыз. Ал мұғалім мен инженердің жалақысын көбейту популизм бе? Осындай мамандарды қамқорлыққа алу маңызды. Сондықтан ЖСДП  кешенді түрде осы саладағы азаматтарды қамқорлыққа алу маңызды деп санайды», – деді ол.

Respublica партиясы атынан жауап берген Екатерина Смолякова ауылдарда маман тапшылығы қатты байқалатынын айтты.

«Мамандар тапшылығы – өте өзекті мәселе. Әсіресе ауылдарда қатты сезіледі. Елімізде 500 мыңнан аса мұғалім, 300 мыңнан аса дәрігер болса да, осы салаларда, әсіресе арнайы педагогикада мамандар тапшы. Мәселе – жоғары сапалы мамандардың тапшылығы болып отыр. Осыған дейін елімізде ешбір университетте уран өндірісі бойынша мамандық болмаған. Respublica партиясы осы мамандықтың ашылуына себепкер болды. Сондай-ақ ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарды оқыту мәселесін көтердік. Нарықтың сұранысын 5 жыл емес, әр жыл сайын саралап отыру керек», – дейді ол.

«Байтақ» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Нұргүл Жұмахметқызы Қадырбаева көпбалалы ана ретінде балалардың сапалы білім алуы әр отбасы үшін маңызды екенін айтып, мұғалімдерге және ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналарына жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін жеткізді.

Тэгтер:

сайлау Партия Құрылтай теледебат