Президент: Жаңа Конституция жасанды интеллектіні дамытуға кепілдік береді

Бүгін, 19:04 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ресми ашылуында айтты, деп хабарлайды Ақорда.

«Қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпалын тигізуде.
 
Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік. Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар осы аса маңызды саланың дамуына үлкен серпін берді. Басқаша айтсақ, бұл қадам еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуының айқын дәлелі болды.
 
Бірінші шілде күні еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл халқымыз үшін тарихи оқиға болды деп айтсақ, артық емес. Бас құжатта еліміздегі жасанды интеллектінің жоғары қарқынмен дамуына және азаматтардың цифрлық әлемдегі құқығын қорғауға нақты кепілдік берілді. Бұл – шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған, яғни өркениетке қарай жасалған озық қадам», деді Мемлекет басшысы.