«Байтақ» партиясының үміткерлері аңшылар-балықшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесті

29 шілде, 2026 / Алуа Арман
"Байтақ" партиясының сайты

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат пен партия мүшелері Алматы қаласындағы AYALA ұлттық аңшылар мен балықшылар палатасы өкілдері және №66 мектеп ұжымымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шара барысында Қазақстанның биоалуандығын сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жабайы табиғатты қорғау және экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселесі талқыланды.

Қатысушылар сирек кездесетін жануарлар түрлерін қорғау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту, табиғи ресурстарды басқаруда ғылыми тәсілдерді қолдану және экологиялық мәселелерді шешуде мемлекет, сарапшылар мен қоғамның өзара ықпалдастығы туралы пікір алмасты.

Жиында сөз сөйлеген «Байтақ» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Алма Қараш биоалуандықты сақтау – экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті.

«Биоалуандық – ұлттық байлығымыз. Шындап келгенде, бүгін қабылдайтын шешімдер келешекте қандай елде өмір сүретінімізді айқындайды. Балаларымызға таза өзен, ну орман, бай жануарлар әлемі мен қауіпсіз қоршаған орта қалдыруымыз керек. Бұл – басты мақсат», - деп атап өтті кандидат.

Кездесу барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, экология саласындағы өзекті түйткілдерді талқылады. Қазақстанның табиғи мұрасын сақтау бағытында бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

«Байтақ» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында еңбек ұжымдарымен, кәсіби қауымдастықтар және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесуді жалғастырып жатыр. Шарада сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылады.

Тэгтер:

сайлау үміткер Құрылтай кандидат Байтақ партиясы