Қостанай облысында Железорудная теміржол вокзалы жаңартылды

Бүгін, 15:26 / Інжу Әлихан
Көлік министрлігі

Қостанай облысында Железорудная стансасының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. Жаңартылған нысан жолаушылардың қауіпсіздігі, қолжетімділігі және жайлылығы бойынша заманауи талаптарды ескере отырып салынған, деп хабарлайды turkystan.kz.

1959 жылы салынған вокзал ғимараты толықтай бұзылып, оның орнына жалпы ауданы 416,1 шаршы метр болатын жаңа бір қабатты жолаушылар кешені бой көтерді. Қайта жаңғырту жұмысы аясында инженерлік коммуникациялар жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды. Заманауи эвакуациялық жолдар ұйымдастырылып, вокзалдың іші қажетті жиһаздармен және жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Жаңартудан кейін вокзал жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи стандарттарына сай келеді және пойыздарды күту мен оларға отыру үшін барынша қолайлы жағдай жасалған.

Железорудная стансасының теміржол вокзалы III класқа жатады және тәулігіне орта есеппен 452 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станса арқылы өңірді Алматы, Шу, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана, Көкшетау қалаларымен, сондай-ақ Бурабай курорттық аймағымен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы өтеді.

Вокзал кешенін қайта жаңғырту аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған.