«Ішім удай ашиды»: Ләйлә Сұлтанқызы ата-анасы туралы жан сырын ақтарды

Бүгін, 06:52 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Instagram-дағы парақшасында ата-ананың қадірі мен өмірдің өткіншілігі туралы тебіренткен жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Журналист бүгінде көпшіліктің бала-шағасын жеткізіп, жақсы өмір сүруге, әлемді аралауға ұмтылатынын айта келе, ата-анасының көрген бейнетін еске алды.

"Қу тіршілік дейміз. Баламызды жеткізсек дейміз, өзімізді күтуге тырысамыз, әлемнің ғажаптарын көрсек деп ұмтыламыз. Ал біздің әке-шешеміз не көрді?" – деп жазды ол.

Ләйлә Сұлтанқызы ауылда туып-өскен ата-анасының өмірдің талай қиындығын бастан өткергенін айтып, қазіргі адамдардың "қиын" деп жүрген мәселелері олардың көрген бейнетімен салыстыруға келмейтінін жеткізді.

"Қазір "қиын" деп жүрген нәрселеріміздің өзі – олардың көрген қиындығының жартысының жартысы да емес шығар. Сондай бейнетті көріп өскен адамдардың қанағаты, қарапайымдылығы мен шүкіршілігіне таңғаласың", – деді тележүргізуші.

Сондай-ақ ол анасының көз алдында қартайып бара жатқаны жанына бататынын, ал әкесінің еліміздің бүгінгі жетістіктерін көре алмай өмірден өткеніне өкініш білдірді.

"Ішімнің ашитыны – анамның көз алдымда қартайып бара жатқаны. Әкемнің еліміздің бүгінгі жағдайын көре алмай кеткені... Жүрер ме еді... Жайнап, жадырап...", – деп жазды ол.

Жазба соңында Ләйлә Сұлтанқызы оқырмандарына ата-анасын тірісінде қадірлеуге, олармен көбірек уақыт өткізіп, денсаулығына жіті көңіл бөлуге кеңес берді.

"Ата-аналарыңызды тірісінде бағалаңыздар. Уақытты бірге өткізіңіздер. Жақындарыңыздың денсаулығына көңіл бөліп, уақытылы чек-аптан өтіп тұруын қадағалаңыздар. Өйткені өмір біз ойлағаннан әлдеқайда қысқа", – деп түйіндеді тележүргізуші.