Павлодарда әйелдің басына әлдекім мұз кесегін лақтырғанын жазған едік. Полиция кінәлі адамды анықтады, деп хабарлайды қалалық ПД.
Полиция денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Бейнебақылау камераларының жазбасы алынып, куәгерлерден жауап алынды және басқа да қажетті тергеу шаралары жүргізілді.
Павлодар облыстық полиция департаменті 28 шілдеде оқиғаның мән-жайын анықтады.
"Оқиғаға 12 жасар кәмелетке толмаған баланың абайсызда қатысы бар екені анықталды.
Оның айтуынша, балконда тұрған кезде ол мұз кесегін сындырып алмақ болған, бірақ мұз қолынан тайып кетіп, төменге құлап, өтіп бара жатқан әйелге тиген", - делінген полиция хабарламасында.
Болған жайттан қорыққан балалар бұл туралы ересектерге айтпай, ата-аналарынан жасырып қалған.
Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-анасы болған жайтты толық мойындап, өкініш білдірді.
"Балаларыңызға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отырыңыз және айналадағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеңіз", - деп ескертті полиция қазақстандық ата-аналарға.