Respublica партиясының өкілдері Семейдегі жас кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдады

28 шілде, 2026 / Дана Ізтілеуова

Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің JasStar коворкинг орталығында өңірдің жас кәсіпкерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесуге партия тең төрағасы Сырымбек Тау, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Олжас Құспеков, Ерболат Мұхамеджан, Лаура Вайгорова және партияның Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш қатысты.

Кездесу барысында жастарды толғандыратын негізгі мәселелер талқыланды. Олар қолжетімді несиелеу, салықтық саясат, жергілікті өндірушілерді қолдау, мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктері және өңірде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Сырымбек Тау Respublica-ның негізгі ұстанымын атап өтті.

«Respublica еңбегімен елдің дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматтың мүддесін қорғайды. Біз кәсіпкерге де, жалдамалы қызметкерге де бірдей әрі әділ ойын ережесі қажет деп есептейміз. Мемлекеттің міндеті – бизнеске кедергі жасау емес, оның дамуына жағдай қалыптастыру», – деді ол.

Партия өкілдері сайлауалды бағдарламада көзделген нақты бастамаларды таныстырды. Олардың қатарында – салық жүктемесін төмендету, шағын және орта бизнеске қолжетімді қаржыландыру тетіктерін кеңейту, индустриялық кластерлерді дамыту, демпингке қарсы тиімді шаралар енгізу және креативті экономиканы қолдау бар. Сонымен қатар экспортқа бағытталған креативті жобалардың табысын салықтан босату бастамасы да айтылды.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Жас кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу жүйесі, қаржыландыру құралдары, кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту және өңірдегі бизнестің әлеуеті туралы сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Respublica өкілдері көтерілген барлық ұсыныстар партияның одан арғы заңнамалық жұмысы барысында ескерілетінін атап өтті.