«Ауыл» партиясының кандидаттары БҚО фермерлермен кездесіп, аграрлық саланы дамыту мәселелерін талқылады

28 шілде, 2026 / Дана Ізтілеуова

28 шілдеде Батыс Қазақстан облысының Өркен ауылында «Ауыл» партиясынан ҚР Құрылтай депутаттығына кандидаттар Серік Егізбаев, Қажгалей Мұқатов және Алшын Жолдығали «Энергетик» ШҚ фермерлерімен және ауыл тұрғындарымен кездесуі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында «Ауыл» партиясының «Гүлденсе ауыл, гүлденеді еліміз!» атты сайлауалды бағдарламасының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өткізудің тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған негізгі басымдықтары таныстырылды.

Іс-шара аясында кандидаттар жергілікті бақша дақылдарын өндірушілердің өнім көрмесімен танысты. Сондай-ақ фермерлермен ауыл шаруашылығын дамыту, аграршыларды мемлекеттік қолдау, заманауи технологияларды енгізу және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді толғандыратын өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды. Ашық диалог барысында ауылішілік жолдарды асфальттау, елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету, жылыжай кешенін салу және оған қажетті рұқсат құжаттарын алу, шетелдік жұмыс күшін тарту, сондай-ақ өндіріс орны орналасқан елді мекенде қызметкерлерді ресми тіркеу және жұмыспен қамту мәселелері көтерілді.

Кандидаттар аталған мәселелердің басым бөлігі «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқанын атап өтті. Атап айтқанда, партия аграршыларды уақтылы әрі әділ субсидиялауды, Агробанк құру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолжетімді қаржы құралдарына қол жеткізуін қамтамасыз етуді, кооперацияны дамытуды, өнімді кепілді өткізудің тиімді тетіктерін қалыптастыруды және өндірушілердің шығындарын азайтып, өнім өткізудің тиімділігін арттыратын заманауи агрологиялық инфрақұрылымды дамытуды қолдайды.

Сонымен қатар сайлауалды бағдарламада ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға ерекше мән берілген. Партия өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру көлемін арттыруға, республикалық, облыстық, аудандық және ауылдық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту мен сапалы күтіп-ұстауға, ауылдық елді мекендерді заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінде бизнесті дамытуға және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасауға күш салатын болады.

Кездесу соңында кандидаттар тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен өтініштер жан-жақты зерделеніп, алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті. Сондай-ақ ауыл еңбеккерлерімен тұрақты әрі ашық диалог жүргізу «Ауыл» партиясы қызметінің негізгі қағидаттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.