Мәңгілік өмірді іздеген миллиардер күтпеген қадамға барды

Бүгін, 22:29 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/bryanjohnson_

Қартаюды баяулатуға жыл сайын миллиондаған доллар жұмсайтын америкалық кәсіпкер әрі биохакер Брайан Джонсон өзін «жаңа туған сәби күйінде клондағанын» мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

48 жастағы миллиардер бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған. Оның сөзінше, зертханада өсіріліп жатқан жасушалық үлгі болашақта жаңа емдеу тәсілдерін сынауға, донорлық қан мен трансплантацияға арналған ағзаларды өсіруге пайдаланылуы мүмкін.

Джонсон жақында асқазанның шырышты қабығына зақым келтіретін аутоиммунды ауру анықталғанын айтты. Осыдан кейін ол ауруды емдеудің балама жолдарын іздеуге кіріскен.

«Жасанды интеллект, мультиомика және арнайы жасалған ДНҚ технологияларының арқасында болашақта емделмейтін ауру деген ұғым қалмауы керек», – деді кәсіпкер.

Оның мәлімдеуінше, «сәби Брайан» әзірге Петри табақшасында өсіріліп жатқан жасушалардан тұрады. Миллиардер бұл биологиялық материалдың болашақта қан донорлығына, мүшелер өсіруге, жас жасушаларды енгізуге және түрлі медициналық тәжірибелерге қолданылуы ықтимал екенін жеткізді.

«Қазір ол тек Петри табақшасында өмір сүріп жатыр. Кей адамдарға бұл қорқынышты немесе антиутопиялық көрінуі мүмкін. Алайда уақыт өте келе мұндай технология қалыпты құбылысқа айналады», – деді Джонсон.

Кәсіпкердің сөзі әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды. Қолданушылардың бір бөлігі мұндай тәжірибелердің этикалық және құқықтық жағына күмән келтірсе, енді бірі медицина мен биотехнологияның дамуы үшін зерттеулерді қолдайтынын білдірді.

Айта кетейік, Брайан Джонсон бұған дейін де қартаю процесін баяулатуға бағытталған даулы тәжірибелерімен танылған. Ол ұлының қан плазмасын құю әдісін сынап, кейін жасаруға арналған кейбір препараттардың ауыр жанама әсер бергенін мойындаған еді.