Италияның Тоскана аймағында отбасының иті екі жасар баланы қасқырдың шабуылынан құтқарып, өзі қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Need to know басылымының жазуынша, қайғылы оқиға Орбиччано елді мекенінде болған. 40 жастағы Паула мен оның 39 жастағы күйеуі Томмазо үй маңында ас әзірлеп жатқанда, олардың ұлы аулада жеті жастағы Дестини есімді итпен ойнап жүрген.
Отбасының айтуынша, орман жақтан салмағы шамамен 60-70 келі болатын ірі қасқыр шығып, қоршалмаған ауладағы балаға қарай ұмтылған.
Салмағы 22 келі болатын Дестини дереу баланың алдына тұрып, жыртқышқа қарсы шапқан. Ит қасқырды баладан алыстатуға тырысып, онымен арпалысқан.
«Ол мені де, ұлымды да құтқарды. Бұрын бейтаныс адамдардан қорқып, тек үретін. Ал сол сәтте ештеңеден сескенген жоқ», – деді Томмазо.
Дауыс естіген Паула аулаға шыққанда, қасқырдың итті тамағынан тістеп, орманға қарай сүйреп бара жатқанын көрген.
Ерлі-зайыпты жыртқыштың соңынан орманға кіріп, іздеу кезінде жарақат алған. Кейін Томмазо өзен маңынан иттің денесін тапқан. Алайда қараңғы түскендіктен және қасқырдың жақын жерде жүргені байқалған соң, олар үйге қайтуға мәжбүр болған.
Келесі күні отбасы қайта келгенде, иттің денесі жоғалып кеткен. Оқиға орнында оның дене бөліктері ғана қалған. Отбасы Дестиниді сол қасқыр немесе басқа жыртқыштар алып кеткен болуы мүмкін деп болжайды.
Дестини отбасы мүшелерімен жеті жыл бірге тұрған. Оны күшік кезінде қапқа салып тастап кеткен жерінен тауып, асырап алған.
«Дестини болмағанда, баламыздың тағдыры не боларын елестетудің өзі қорқынышты», – деді Паула.
Оқиғадан кейін жергілікті полиция тұрғын үйлер маңында қасқырлардың жиі көрінуіне байланысты тексеру бастаған. Экологтардың мәліметінше, Тоскана аймағындағы қасқырлар саны мыңға жуықтаған.